ADYM.KZ / 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен жастарға арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шараның басты мақсаты – студент жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау, жетістіктерін дәріптеу және жас буын арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту. Сондай-ақ іс-шара студенттердің өзара тәжірибе алмасуына, өнері мен қабілетін ортаға салуына мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Қуаныш Бауыржанұлы Серікбай жастарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол студенттік кезеңнің адам өміріндегі ерекше орнына тоқталып, білім мен ізденістің, табандылық пен еңбектің болашаққа жол ашатын маңызды құндылықтар екенін атап өтті.
Сонымен қатар жастар саясатын дамытуға үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген бірқатар жасқа алғыс хаттар табысталды. Бұл марапат жастардың еңбегін бағалап қана қоймай, олардың алдағы уақытта да қоғамдық өмірге белсенді қатысуына серпін беруді көздейді.
Мерекелік бағдарлама концерттік нөмірлермен жалғасты. Атап айтқанда, Қ. Әбжапбардың орындауында «Жалынды жастар» әні шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Акрам Ирисметов пен Нұрбақыт Ерман дәстүрлі әндерді орындап, ұлттық өнердің әсемдігін танытты. Сондай-ақ Мақылбек Нұрасыл «Күйім» әнін тарту етіп, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Айта кетейік, студенттік шақ – білім жинақтап, кәсіби бағытты айқындайтын, жаңа бастамаларға жол ашатын маңызды кезең. Бүгінгі студенттер – елдің ертеңгі дамуына үлес қосатын білікті мамандар мен белсенді азаматтар. Сондықтан жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бастамаларына қолдау көрсету және қоғамдық белсенділігін арттыру маңызды.
Мерекелік іс-шара жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, студенттік өмірдің жарқын сәттерін дәріптеуге, өнерлі әрі белсенді жастардың басын біріктіруге мүмкіндік берді.








