ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің» студенттерімен ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен таныстыру, олардың жұмыспен қамту, қаржылық сауаттылық және қоғамдық белсенділік бағытындағы мүмкіндіктері туралы ақпарат беру.
Кездесуге Оқу секторының басшысы Жандос Аширов пен маман Жасмұрат Зертбек, «Отбасы банк» кеңесшілері Феруза Нұрмағанбетова мен Эльмира Мамедалиева, сондай-ақ «Ізгілікте жарысайық» волонтерлар мектебінің «Айбын» жобасының жетекшісі Ерболат Ырзамберді қатысты.
Жиын барысында студенттерге жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ақылы қоғамдық жұмыстар» бағдарламаларының шарттары мен мүмкіндіктері таныстырылды. Мамандар аталған жобалардың жұмыс тәжірибесін жинақтауға, кәсіби дағдыларды дамытуға және еңбек нарығына бейімделуге беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.
Сонымен қатар «Отбасы банк» өкілдері қаржылық сауаттылық мәселесін қозғап, жеке қаржыны тиімді басқару, қаражатты үнемдеу, жинақ қалыптастыру және тұрғын үйге қол жеткізу тетіктері жөнінде ақпарат берді. Студенттерге қаржылық шешім қабылдау кезінде жауапкершілік танытып, болашаққа алдын ала жоспар құрудың маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесудің тағы бір маңызды бағыты – волонтерлік қызмет болды. «Айбын» жобасының жетекшісі Ерболат Ырзамберді еріктілік жұмыстың қоғам үшін маңызына тоқталып, жастардың әлеуметтік бастамаларға қатысуы, қайырымдылық пен өзара көмек мәдениетін дамытуы туралы айтты. Сондай-ақ волонтерлік қызметтің жастардың көшбасшылық қабілетін, жауапкершілігін және ұйымдастырушылық дағдыларын қалыптастырудағы рөлі атап өтілді.
Кездесу соңында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тәртібі, жұмысқа орналасу және қаржылық мүмкіндіктер жөнінде нақты жауаптар алды.
Осындай ақпараттық кездесулер жастардың мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардарлығын арттырып, олардың кәсіби және жеке дамуына қажетті мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына жол ашады.








