ADYM.KZ / Шымкент дендрологиялық саябақтағы Құрметті қонақтар аллеясы он жаңа шынар ағашымен толықты. Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған Венгрияның ресми делегация мүшелері ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты. Ағаш отырғызу рәсімі делегацияның мегаполиске сапары бағдарламасының бір бөлігі болды. Сапардың негізгі мақсаты – іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды кеңейту. Осыдан кейін Дебрецен қаласының әкімі жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
– Бұл – менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Бұл қала бірден менің назарымды аударды, себебі Дебрецен мен Шымкенттің арасында көптеген ұқсастықтар бар екенін байқадық. Венгрия мен Қазақстан арасында тарихи байланыстар ежелден қалыптасқан, өйткені халықтарымыздың ортақ тамыры бар. Шымкентке келудегі басты мақсатымыз – екі ел арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ, халықтарымыз бен қалаларымыз арасында экономикалық, мәдени, достық және адами қарым-қатынастарды дамыту, – деді Дебрецен қаласының әкімі іс-шара барысында.
Венгрия делегациясының басшысы мегаполисте қысқа уақыт болғанына қарамастан, екі қаланың экономикалық, мәдени және тарихи бағыттарда көптеген ортақ тұстары бар екеніне көз жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, Дебрецен – Венгриядағы көлемі жағынан екінші қала. Қала туризм мен экономиканы белсенді дамытып келеді және тек Шымкентпен ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға дайын.
Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, шетелдік делегацияның сапары – екі қаланы жақындастыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстың негізгі нәтижесі.
– Шетелдік қонақтар мегаполиске ең алдымен ресми бауырлас қала байланыстарын орнату мақсатында келді. Бұл орайда біз тиісті меморандумға қол қоямыз. Бұл құжат алдағы ынтымақтастықтың берік құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар, осы сапар аясында венгриялық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылды. Онда нақты келіссөздер жүргізіліп, бірлескен жұмыс бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді, – деді Бексұлтан Әділханов.
Басқарма басшысы екі елдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын да атап өтті.








