ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ жүзеге асырып жатқан «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясындағы танымдық іс-шаралар жалғасуда.
Осы бастама аясында 29 қыркүйек күні қаладағы бірқатар білім беру мекемелерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Кезекті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары №64 Ж.Аймауытов атындағы, №84 Циолковский атындағы, №34 Гагарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептерде және №63 мектепте өтті.
Кездесулердің басты спикері Ақан Сәбитұлы Бесбаев оқушыларға заманауи еңбек нарығындағы өзгерістер, сұранысқа ие мамандықтар және кәсіби дамудың негізгі бағыттары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар болашақ мамандықты таңдауда жеке қабілет пен қызығушылықты ескерудің, нақты мақсат қойып, оған жүйелі түрде ұмтылудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында оқушылардың өз мүмкіндіктерін ерте бастан бағамдап, кәсіби бейімділіктерін анықтауына ерекше мән берілді. Мамандық таңдауға жауапкершілікпен қарау, еңбек нарығындағы сұранысты зерделеу және заман талабына сай қажетті дағдыларды меңгеру мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ жастарға өзгермелі еңбек нарығына бейімделу, білім мен тәжірибені ұштастыру, өздігінен ізденіп, үздіксіз даму қажеттігі түсіндірілді. Кездесу қатысушылары кәсіби бағдардың болашаққа сенімді қадам жасауға ықпал ететінін атап өтті.
Жоба жасөспірімдердің саналы түрде мамандық таңдауына, еңбек нарығының талаптарын түсінуіне және болашақ кәсіби жолын дұрыс қалыптастыруына бағытталған. Мұндай кездесулер жастардың әлеуетін ашып, олардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.








