ADYM.KZ / Ресейде танымал Roblox ойын платформасына қойылған шектеу алынып, сервис қайтадан қолжетімді болды. Бұл туралы «Қауіпсіз интернет лигасы» ұйымының директоры Екатерина Мизулина өзінің Telegram арнасында хабарлады.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Ресейдің Цифрлық даму министрлігі аталған ақпаратты растаған. Ведомствоның хабарлауынша, Roblox балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында бірқатар қосымша шараларды енгізген. Атап айтқанда, платформада ойындарға жас ерекшеліктеріне қарай қолжетімділікті шектеу тетіктері іске қосылған.
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, Roblox Ресей заңнамасының талаптарын орындап, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қажетті өзгерістер енгізген. Сонымен қатар платформа әкімшілігі орынсыз контенттің таралуына қарсы күресті күшейтуге уәде берген.
Осылайша, алты айға жуық уақытқа созылған шектеуден кейін Roblox сервисі Ресей аумағында қайта жұмысын бастады.
Еске салайық, бұған дейін Роскомнадзор платформаны балалар арасында экстремистік материалдар мен заңнамаға қайшы контент таратуға байланысты бұғаттаған болатын.








