ADYM.KZ / Тілсіз жау кім-кімді болмасын аяқастынан айналдырып соғары анық. Әсіресе, тұрмыстық жағдайдағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау — адам өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ дүние-мүлікті аман алып қалудың басты кепілі. Осы мақсатта Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлескен ұйымдастыруымен тұрғын үй секторында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Рейдтік іс-шара барысында құтқарушылар мен жастар орталығының белсенділері аудан аумағындағы көпқабатты және жер үйлерді аралап, тұрғындармен жүзбе-жүз тілдесті. Мамандар тұрғындарға күнделікті тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, электр құралдарын, газ қондырғылары мен жылыту пештерін дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, кенеттен өрт немесе басқа да төтенше жағдай орын алған сәтте үрейге берілмей, дұрыс әрекет ету тәртібі жайлы маңызды ақпараттар беріліп, әрбір отбасыға қауіпсіздік шаралары жазылған арнайы жадынамалық парақшалар таратылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл шараға қала жастары да өз үлестерін қосып, жоғары белсенділік танытты. Акцияға қатысқан жастар мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызы зор екенін айтып, пікірлерімен бөлісті:
«Біз жастар ресурстық орталығының волонтерлері ретінде ТЖД қызметкерлерімен бірге тұрғындарды ақпараттандыруға шықтық. Көп адам қарапайым қауіпсіздік ережелерін біле бермейді, тіпті розеткаға қосылып тұрған телефон қуаттағышының өзі қандай қауіп төндіретініне мән бермейміз. Үйме-үй аралап, әсіресе қарт кісілерге, жас балалы аналарға ескерту жасау арқылы үлкен апаттардың алдын алуға кішкентай болса да үлесімізді қостық деп ойлаймын. Қауіпсіз қоғам құру — баршамыздың ортақ міндеті», — дейді ерікті студент Мақсат Ахметжанов.
Ал қала тұрғыны, жас маман Айдана мамандардың кеңесі дер кезінде берілгенін жеткізді: «Бүгін есігімізді қағып, ТЖД мамандары мен жастар келіп, қауіпсіздік жадынамаларын табыстады. Төтенше жағдай кезінде алғашқы әрекет қандай болу керектігін, 101 және 112 нөмірлерінің жұмыс тәртібін еске салды. Мұндай іс-шаралар халықтың қырағылығын арттырып, жауапкершілігін оятады. Үйдегі барлық электр құралдарын бір тексеріп шығуға үлкен түрткі болды».
Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары өрт қауіпсіздігі ережелеріне салғырт қарамауға шақырады. Тілсіз жаудан сақтанудың ең тиімді жолы — алдын алу. Егер сіз өрт немесе қандай да бір төтенше жағдайдың куәсі болсаңыз, кідірместен 101 немесе 112 құтқару қызметінің нөмірлеріне хабарласуыңыз қажет!








