ADYM.KZ / Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресті өскелең ұрпақтан, яғни жастардан бастау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда Шымкент қаласындағы «Отырар» колледжінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын құрметтеуге және бойларында адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Махаббат Мамуджанова арнайы қатысты. Жиын барысында жастарға жемқорлықтың мемлекет дамуына тигізер кесірі, оның құқықтық салдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Маман студенттерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді.
Жиын еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, тұшымды жауаптар алды. Шараға қатысқан қала жастары мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінгі жиын біз үшін өте танымдық болды. Жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін терең түсіндік. Болашақ маман ретінде кез келген салада адал еңбек етудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте ұғынғандаймыз. Осындай ашық диалогтар жастарға үлкен ой салады»,- дейді колледж студенті Диас Ермекбаев.
Ал тағы бір студент Әйгерім өз пікірімен былай бөлісті: «Көп жағдайда біз заңды толық білмегендіктен түрлі қателіктерге бой алдырып жатамыз. Басқарма маманы бізге нақты мысалдар келтіре отырып, заң талаптарын қалай сақтау керектігін түсіндірді. Адалдық пен жауапкершілік – тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелденуі тиіс қасиеттер екеніне көз жеткіздім».
Адалдық пен әділдікті ту еткен бұл кездесу жастардың құқықтық сана-сезімін оятып, қоғамдағы жауапкершілік қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған мұндай танымдық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.








