ADYM.KZ / 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстардың бірі — «Болашақ ойындары — 2026» (Games of the Future 2026) турнирі өтеді.
Елордада ұйымдастырылатын ауқымды дода классикалық спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін жаңа форматтағы фиджитал-спорт жарыстарын ұсынады. Турнирге әлемнің түрлі елдерінен келген спортшылар қатысып, заманауи спорттың мүмкіндіктерін көрсетеді.
Жарыстар Астананың бірнеше ірі спорт нысанында ұйымдастырылады. Негізгі алаңдар қатарында көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы бар.
12 күнге созылатын жарыс бағдарламасына фиджитал-футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би бағыттары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және басқа да жаңа спорттық бағыттар енгізілген.
Турнирдің басты ерекшелігі — спортшылардың алдымен виртуалды ортада сынға түсіп, кейін сол спорт түрін нақты алаңда жалғастыруы. Бұл формат физикалық дайындық пен цифрлық шеберлікті қатар талап етеді.
«Болашақ ойындары — 2026» жарысына әлемдік спорт және киберспорт аренасында танымал командалар қатысады. Олардың арасында Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және NOVAQ секілді ұжымдар бар.
Қазақстан атынан турнирдің барлық сегіз бағыты бойынша командалар мен спортшылар өнер көрсетеді. Ел намысын ACF x Allur, UEL Team, GTB KZ, PBC Astana, Future Nomads, Rune Eaters, DIGA Esports, NOVAQ, TeamKZ командалары және спортшы Гүлназ Аманғали қорғайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа әлемнің әр түкпірінен жүздеген спортшы мен мыңдаған жанкүйер келеді деп күтілуде. Осы кезеңде Астана фиджитал-спорттың халықаралық орталығына айналады.
«Болашақ ойындары — 2026» Қазақстан үшін жылдың ең маңызды спорттық оқиғаларының бірі болмақ. Турнир елорданың заманауи спорт инфрақұрылымын танытып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізу мүмкіндігін тағы бір мәрте көрсетеді.
Көрермендер жарыстың жеке күндеріне немесе бірнеше сайыс күніне арналған билеттерді сатып ала алады. Турнирдің ресми платформасында жарыс кестесімен танысып, қызықты бағыттарды таңдауға мүмкіндік бар.








