ADYM.KZ / Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады. Өнеркәсіп, энергетика, критикалық минералдар, көлік-логистика, жасанды интеллект және жаңа технологиялар сапардың негізгі экономикалық күн тәртібіне айналды.
Қазақ-корей бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы критикалық минералдар саласында «ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынды. Бұл тәсіл шикізатты экспорттаумен шектелмей, оны терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруды көздейді.
Қазақстан үшін бұл бағыттардың экономикалық әлеуеті қандай? Корея технологиясы мен инвестициясы елдегі өндірістің дамуына қалай әсер етуі мүмкін? Ал мұндай серіктестіктен қарапайым азамат қандай нәтиже күте алады? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Нұрғазы Ануарбеков жауап берді.
Серіктестіктің жаңа кезеңі
Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Корея арасындағы байланыс дәстүрлі дипломатиялық және сауда қатынастарынан кеңейіп, стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне өтіп келеді.
Оның айтуынша, екіжақты экономикалық күн тәртібінде тек сауда мен инвестиция көлемін арттыру емес, бірлескен өндірістер құру, технология трансфері, өнеркәсіптік кооперация және жоғары технологиялық салаларға шығу мәселелері алдыңғы орынға шыққан.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Корея өнеркәсіп, энергетика, жасанды интеллект, критикалық минералдар, көлік және логистика бойынша нақты жобаларды ілгерілетуге басымдық беріп отыр. Сондықтан мен мұны серіктестіктің жаңа кезеңі деп бағалар едім. Оның басты ерекшелігі – «сауда жасау» моделінен «құн қалыптастыратын бірлескен өндіріс пен технологиялық серіктестік» моделіне көшу, – дейді Нұрғазы Ануарбеков.
Неліктен критикалық минералдар маңызды?
Сарапшы Қазақстан мен Кореяның экономикалық мүмкіндіктері бірін-бірі табиғи түрде толықтыратынын атап өтті.
Қазақстанның негізгі артықшылықтары – табиғи ресурстар, энергетикалық әлеует, географиялық орналасу және транзиттік мүмкіндіктер. Ал Кореяның күші – технология, инженерлік құзырет, өндірістік менеджмент және жаһандық нарықтарға шығу тәжірибесі.
Осы тұрғыдан алғанда, критикалық минералдар саласындағы ынтымақтастық екі ел үшін де маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.
– Мақсат тек кен өндіру емес, барлау, өндіру, өңдеу және жоғары қосылған құнды өнім шығару тізбегін қалыптастыру болуы тиіс. Қазақстанда сирек металдарды терең өңдеуге және жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындар құру бойынша стратегиялық міндет қойылып отыр, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстан критикалық минералдарды жай ғана экспорттаушы ел болып қалмай, оларды өңдейтін және дайын өнім шығаратын өндірістік база қалыптастыруға ұмтылуы керек.
Мысалы, шикізатты экспорттаумен шектелмей, одан аккумулятор компоненттері, машина жасауға қажетті материалдар немесе басқа да жоғары технологиялық өнімдер шығаруға болады.
«Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделі нені өзгертеді?
Нұрғазы Ануарбеков «ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін Қазақстан экономикасындағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде бағалайды.
– Бұрынғы модельді шартты түрде «ресурс – экспорт» деп сипаттауға болатын еді. Қазір біздің мақсатымыз – «ресурс – технология – өңдеу – өндіріс – экспорт» тізбегін құру, – дейді ол.
Сарапшы бұл ретте Кореяның экономикалық даму тәжірибесінің Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. Табиғи ресурстары шектеулі Корея технологияға, адами капиталға және өнеркәсіптік саясатқа сүйене отырып, жоғары қосылған құнды экономика қалыптастырды.
Қазақстан үшін негізгі міндет – кореялық капиталды ғана емес, онымен бірге технологиялық құзырет, инженерлік мәдениет, өндіріс стандарттары мен басқару тәжірибесін тарту.
Алайда сарапшы өндірісті Қазақстан аумағында орналастырудың өзі жеткіліксіз екенін ескертеді.
– Локализация нақты болуы керек. Қазақстанда өндіріс орнының болуы ғана емес, оның ішінде жергілікті кадр, жергілікті жеткізушілер, ғылыми-зерттеу компоненті және кейіннен экспорттық әлеует болуы маңызды, – дейді ол.
Инвестиция ғана емес, технология трансфері қажет
Кореялық инвестицияны тарту барысында Қазақстан үшін инвестиция көлемімен қатар оның сапасы да маңызды.
Сарапшы бірнеше бағытқа басымдық беруді ұсынады. Біріншісі – технология трансфері. Бірлескен кәсіпорын құрылған кезде технологиялық құзыреттің бір бөлігі Қазақстанда қалыптасуы қажет.
Екіншісі – кадр даярлау. Кореялық компаниялармен бірге инженерлерді, технологтар мен менеджерлерді даярлайтын дуалды білім беру және корпоративтік оқыту бағдарламаларын дамыту маңызды.
Үшіншісі – жергілікті қамту. Қазақстандық шағын және орта бизнес кореялық өндірістердің жеткізу тізбегіне қосылуы тиіс.
Төртіншісі – ғылыми-зерттеу жұмыстары. Қазақстан дайын технологияны пайдаланып қана қоймай, уақыт өте келе өзінің инженерлік және зерттеу әлеуетін қалыптастыруы қажет.
Бесіншісі – экспорттық бағдар. Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындар ішкі нарықпен шектелмей, Орталық Азия, Кавказ, Еуропа және басқа да нарықтарға шығатын өндірістік алаңға айналуы мүмкін.
Орта дәліз: Қазақстанның жаңа экономикалық мүмкіндігі
Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – көлік және логистика.
Сарапшының пікірінше, Орта дәлізді тек теміржол немесе транзит бағыты ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның стратегиялық мәні – Қазақстанның географиялық артықшылығын экономикалық капиталға айналдыру.
Кореяның логистика, порт инфрақұрылымы, цифрлық басқару және интеллектуалды көлік жүйелеріндегі тәжірибесі бұл бағытта пайдалы болуы мүмкін.
Сонымен бірге Қазақстан кореялық компаниялар үшін Орталық Азия нарығына ғана емес, Еуропа мен басқа өңірлерге шығатын өндірістік және логистикалық хабқа айналу мүмкіндігіне ие.
– Біздің мақсатымыз – Қазақстанды жай ғана транзиттік аумақ емес, логистика, қоймалау, кедендік рәсімдеу, цифрлық сервистер және өндіріс тоғысқан Еуразиялық хабқа айналдыру, – дейді Нұрғазы Ануарбеков.
Жасанды интеллект пен энергетика
Қазақстан-Корея ынтымақтастығының перспективалы бағыттарының қатарында энергетика мен жасанды интеллект те бар.
Сарапшы энергетикалық серіктестіктің дәстүрлі энергетикамен шектелмейтінін атап өтті. Жаңартылатын энергия көздері, жасыл сутегі, аммиак, энергия тиімділігі және декарбонизация технологиялары да бірлескен жобалар үшін перспективалы бағыттар болуы мүмкін.
Ал жасанды интеллект экономиканың көптеген секторын өзгертуге қабілетті технология ретінде қарастырылады.
Қазақстан мен Кореяның AI саласындағы ынтымақтастығы цифрлық экономикамен қатар өнеркәсіп, медицина, логистика, мемлекеттік басқару және білім беру жүйесін де қамтуы ықтимал.
Бұл серіктестік азаматтарға не береді?
Сарапшының пікірінше, сыртқы экономикалық саясаттың нәтижесі түптеп келгенде азаматтардың күнделікті өмірінен көрінуі тиіс.
Бірінші кезекте – жаңа жұмыс орындары. Қазақстанда кореялық технологияға негізделген өндірістер ашылған жағдайда инженерлік, техникалық, цифрлық және басқарушылық мамандықтарға сұраныс артуы мүмкін.
Екінші нәтиже – адами капиталдың дамуы. Бірлескен жобалар қазақстандық студенттер мен жас мамандардың тағылымдамадан өтуіне, жаңа технологияларды меңгеруіне және халықаралық өндірістік стандарттармен танысуына мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – технологияның күнделікті өмірге енуі. Бұл медицина, көлік, су ресурстарын басқару, цифрлық мемлекеттік қызметтер, білім беру және «ақылды қала» технологиялары арқылы көрінуі мүмкін.
Төртінші нәтиже – шағын және орта бизнестің жаңа нарықтарға шығуы. Қазақстандық кәсіпорындар кореялық өндірістердің жеткізу тізбегіне қосылып, өз өнімдерін Кореяға және үшінші елдерге экспорттау мүмкіндігін кеңейте алады.
– Қазақстан-Корея қатынастарының тиімділігін тек инвестиция көлемімен немесе келісімшарттардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Негізгі өлшем – осы серіктестік Қазақстан экономикасының технологиялық деңгейін көтерді ме, жаңа өндіріс құрды ма, қазақстандық маманның біліктілігін арттырды ма және азаматтардың әл-ауқатына нақты әсер етті ме деген сұрақтар, – дейді Нұрғазы Ануарбеков.
Оның пікірінше, қазақ-корей серіктестігінің жаңа кезеңі екі елдің экономикалық мүмкіндіктерін өзара толықтыруға негізделуі тиіс. Қазақстан үшін бұл – табиғи және транзиттік әлеуетті технологиямен ұштастыру мүмкіндігі болса, Корея үшін жаңа өндірістік жобалар мен нарықтарға шығуға жол ашатын серіктестік.
Айта кетейік, Қазақстан Президентінің Кореяға сапары барысында екі ел арасында бірқатар маңызды ынтымақтастық құжаттарына қол қойылды. Сондай-ақ Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы жоспар белгілі болды. Бұл бастама технологиялық білім мен жоғары білікті кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.








