ADYM.KZ / Қала жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың мәдени демалысын мазмұнды өткізу және өнерге деген қызығушылығын арттыру бағытында Шымкентте түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы мақсатта Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Театр – өмір айнасы» атты мәдени-танымдық кездесу өткізді.
Іс-шара аясында қаланың белсенді жастары Шымкент қалалық опера және балет театрының бір күндік жұмысымен танысып, театр әлемінің ішкі тыныс-тіршілігін көруге мүмкіндік алды. Кездесудің басты мақсаты – жастарды мәдениет пен өнерге баулу, олардың шығармашылық танымын кеңейту және театр өнерінің қоғамдағы маңызын түсіндіру.
Танымдық экскурсия барысында қатысушылар театрдың күнделікті жұмыс тәртібімен, сахна сыртындағы шығармашылық үдерістермен және қойылымдарды әзірлеу кезеңдерімен танысты. Жастар сахналық қойылымдардың көрерменге ұсынылғанға дейінгі дайындық жұмыстарын көріп, әрбір қойылымның артында үлкен шығармашылық топтың еңбегі жатқанын білді.
Сонымен қатар театр әртістерінің, режиссерлердің, сахна мамандары мен техникалық қызметкерлердің жұмысы туралы мағлұмат алды. Қойылымның сапалы әрі әсерлі шығуы үшін сахнадағы актерлік шеберлікпен қатар, жарық, дыбыс, декорация, костюм және басқа да шығармашылық бағыттардың үйлесімді жұмысы маңызды екені түсіндірілді.
Кездесу барысында жастар театр өнерінің өзіндік ерекшеліктеріне, опера мен балет жанрларының айырмашылығына және классикалық өнердің тәрбиелік мәніне назар аударды. Мұндай кездесулер жас буынның эстетикалық талғамын қалыптастырып, мәдени құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Театр – адам өмірін, қоғамдағы түрлі құбылыстарды және адами қарым-қатынастарды өнер тілімен жеткізетін ерекше мәдени кеңістік. Ол көрерменге ой салып қана қоймай, рухани дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Театр – өмір айнасы» атты танымдық шара жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың мәдени ортаға араласуына және өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Осындай бастамалар жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашып, қаладағы мәдени өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.








