ADYM.KZ / Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Заң алдында бәрі тең» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараны қала Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейту. Сонымен қатар қоғамда заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілінің маманы Мырзабай Нұрлан Альжанұлы, Тұран ауданы прокуратурасының прокуроры Рысқұл Досымжан Әуесханұлы және аға прокурор Тілеубаев Рустам қатысты.
Кездесу барысында мамандар заң алдындағы теңдік қағидатының мәніне тоқталып, әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан заң талаптарын бірдей сақтауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері, оларды қорғау тетіктері және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Бұдан бөлек, жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын бұзудың салдары жөнінде ақпарат берілді. Мамандар құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызына тоқталып, кез келген жағдайда өз құқықтарын біліп қана қоймай, өзге азаматтардың да құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қажеттігін жеткізді.
Кездесу жастарға құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпарат алуға және заң саласының өкілдерімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Жалпы, «Заң алдында бәрі тең» тақырыбындағы іс-шара жастар арасында заңға құрметпен қарау, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.








