Шымкент қаласында жастарды отандық өндіріс орындарының жұмысымен таныстыру және олардың кәсіби бағдарын қалыптастыру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты қалалық Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан INJU MEBEL жиһаз фабрикасына студенттер мен бітіруші түлектер арнайы барды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін таныстыру, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы түсінігін кеңейту және өндіріс саласына деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар жастардың болашақ мамандығын таңдауда нақты өндірістік орта туралы мағлұмат алуына мүмкіндік жасау көзделді.
Экскурсия барысында қатысушылар кәсіпорынның құрылу тарихы, негізгі қызмет бағыттары және өндірістік жұмыс тәртібімен танысты. Зауыт мамандары жиһаз өнімдерін дайындау үдерісін кезең-кезеңімен түсіндіріп, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнімді құрастыру мен сапасын тексеруге дейінгі жұмыстарды көрсетті.
Жастар заманауи өндірістік жабдықтардың жұмыс істеу ерекшеліктерін көріп, жиһаз жасау кезінде қолданылатын технологиялар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыруда автоматтандырылған жүйелердің, сапаны бақылаудың және мамандардың кәсіби біліктілігінің маңызына назар аударылды.
Кездесу барысында студенттер кәсіпорын қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, жиһаз өндірісінде қолданылатын материалдар, дайын өнімнің сапасына қойылатын талаптар, өндірістік мамандардың міндеттері, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен қажетті кәсіби дағдылар жөнінде пікір алмасты.
Кәсіпорын өкілдері өндіріс саласында тәжірибелік біліммен қатар жауапкершілік, ұқыптылық, технологиялық талаптарды сақтау және жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істей білу маңызды екенін атап өтті.
Мұндай танымдық экскурсиялар жастардың отандық кәсіпорындардың қызметімен жақынырақ танысуына, өндірістегі еңбек үдерісін көзбен көруіне және болашақ кәсіби бағытын айқындауына ықпал етеді. Сонымен қатар жас мамандардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, отандық өндірістің дамуына үлес қосуға ынталандырады.








