ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне арналған «Нашақорлық пен АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында нашақорлық пен АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, қауіпті әдеттердің зардаптары туралы түсінік қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар қатысушыларға өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың, зиянды әрекеттерден аулақ болудың маңызын түсіндіру көзделді.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Сабина Сагинтай, ЖИТС-тің алдын алу орталығының маманы Аяжан Джарасбай және Психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігер-наркологы Сауле Ергалиевна қатысты.
Мамандар жастарға есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу, тәуелділіктің алғашқы белгілерін тану және дер кезінде мамандардың көмегіне жүгіну мәселелеріне тоқталды.
АИТВ/ЖИТС тақырыбы бойынша инфекцияның таралу жолдары, одан сақтану шаралары және медициналық тексеруден өтудің маңызы түсіндірілді. Мамандар АИТВ инфекциясының алдын алуда дұрыс ақпараттану мен жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілік пен теріс көзқарастың алдын алу, оларға түсіністікпен қарау қажеттігі де назарға алынды.
Кездесу барысында жастарға денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерден бас тарту, бос уақытты тиімді пайдалану, спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде кеңестер берілді. Сала мамандары әр адамның өз денсаулығына қатысты қабылдайтын шешімі оның болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Мұндай кездесулер жастардың денсаулық сақтау саласындағы сауаттылығын арттыруға, қауіпті мінез-құлықтың алдын алуға және қоғамда салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.








