ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Шымкент университеті мен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері арасында «Ғаламтор діни ұстаз емес» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі ақпаратты дұрыс бағалауға үйрету және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Қармантай Нұржақсын, Шымкент қаласы медиация кеңесінің кәсіби медиаторлары Гүлназ Алмазқызы Имбарова мен Дана Ақәділқызы Кенжеқұлова, сондай-ақ Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлімінің басшысы Рауан Қыпшақбаев қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары жастарға діни ақпаратты кез келген интернет көзінен қабылдай бермей, оның мазмұны мен сенімділігіне назар аудару қажеттігін түсіндірді. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында таралатын мәліметтердің барлығы бірдей шынайы әрі ғылыми немесе діни тұрғыдан негізделген бола бермейді. Сондықтан ақпараттың қайдан алынғанын тексеріп, оны білікті мамандардың түсіндірмелерімен салыстыру маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар теріс діни ағымдардың ықпал ету тәсілдері, жастардың сеніміне кіру арқылы жалған түсініктерді тарату және діни ұғымдарды бұрмалап түсіндіру мәселелері талқыланды. Мамандар күмәнді мазмұндағы материалдарға, белгісіз тұлғалардың шақыруларына және адамды қоғамнан оқшаулауға бағытталған үндеулерге сақтықпен қарау керектігін атап өтті.
Іс-шарада зайырлы қоғамның құндылықтары, өзге адамдардың көзқарасына құрметпен қарау және қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау мәселелеріне де назар аударылды. Діни сауаттылық адамның ақпаратты саналы түрде қабылдауына, түрлі пікірлерді саралауына және асығыс шешімдерден аулақ болуына мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Интернеттегі мәліметтерді тексеру, ресми дереккөздерге сүйену және діни мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алу қате түсініктердің алдын алуға көмектеседі.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Ашық пікір алмасу жастарға діни ақпаратты қабылдауда жауапкершілік танытудың және сенімді дереккөздерді таңдаудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Осындай түсіндіру жұмыстары жастардың діни сауаттылығын арттыруға, теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған.








