ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Бөрібайұлы Тұрғынбай, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Шораұлы Сәдібеков, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы Абдезов және «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін нығайту.
Кездесу барысында спикерлер заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар заң талаптарын білу мен оны орындаудың маңызы түсіндіріліп, құқықтық нормаларды бұзудың салдары туралы ақпарат берілді.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңсыз әрекеттерге жол бермеу мәселелеріне назар аударды. Ал прокуратура өкілі заңдылықтың сақталуы мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы профилактикалық жұмыстардың маңызын атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қалалық өкілі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңды мүдделерін сақтау және құқықтары бұзылған жағдайда тиісті органдарға жүгіну жолдары туралы түсіндірді.
Кездесуде жастардың құқықтық сауаттылығы қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екені айтылды. Заңды білу адамның өз құқықтарын қорғауына ғана емес, өзге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуіне де мүмкіндік береді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға, заңға бағыну қағидаттарын нығайтуға және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіз ортаны қалыптастыру – мемлекеттік органдармен қатар әр азаматтың да ортақ міндеті.
Іс-шара қорытындысында жастарды заң талаптарын сақтауға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға шақырды.







