ADYM.KZ / Жастардың денсаулығын сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру мақсатында Шымкентте ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара Авиценна жоғары медициналық колледжінің студенттеріне арналды.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға нашақорлықтың адам денсаулығына тигізетін кері әсерін түсіндіру, АИТВ инфекциясының алдын алу және одан қорғану жолдары туралы ақпарат беру, сондай-ақ денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шараға Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» алдын алу бөлімінің маманы Аяжан Джарасбай, ШЖҚ Психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігер-наркологы Қарлығаш Жарқынбекқызы Қорғанбаева және Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Аман Мұқтархан қатысты.
Кездесу барысында мамандар есірткі заттарын қолданудың адам ағзасына тигізетін зияны, тәуелділіктің пайда болу қаупі және нашақорлықтың алдын алу жолдары жөнінде түсіндірді. Сондай-ақ жастардың зиянды әдеттерден аулақ болуы, бос уақытын тиімді ұйымдастыруы және денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда дұрыс шешім қабылдауының маңыздылығы атап өтілді.
Бұдан бөлек, АИТВ инфекциясының таралу жолдары, одан қорғану шаралары және инфекцияның алдын алудағы медициналық сауаттылықтың рөлі туралы ақпарат берілді. Мамандар жастарды денсаулыққа қатысты сенімді ақпарат көздеріне жүгінуге, қажетті жағдайда медициналық мамандардан кеңес алуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушыларға зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстану, жеке денсаулығына жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер айтылды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың медициналық сауаттылығын арттырып, денсаулыққа қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу, АИТВ туралы дұрыс түсінік қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңызын арттырады.








