ADYM.KZ / Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі уақытта интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңызы артып келеді. Әсіресе жасөспірімдердің әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларды белсенді қолдануын ескерсек, кибергигиена талаптарын білу және дербес деректерді қорғау дағдыларын қалыптастыру – маңызды міндет.
Осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында «Кибермәдениет айы» аясында жалғасуда. Қыркүйек айы бойы қаладағы білім беру ұйымдарында интернеттегі қауіп-қатерлер, кибералаяқтықтың кең тараған тәсілдері және олардан қорғану жолдары түсіндірілуде.
Кезекті кездесулер №90 мектеп-гимназиясы мен №89 мектеп-лицейінде өтті. №90 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған «Кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндірме» іс-шарасының мақсаты – азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, киберқауіптердің алдын алу бойынша қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру.
Жиындарға Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Бекбаев және Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев қатысты.
Бақытжан Бекбаев оқушыларға дербес деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау, күрделі құпиясөздерді пайдалану және аккаунттарды қауіпсіздендірудің негізгі талаптарын түсіндірді.
Маман интернет алаяқтарының азаматтарды алдау үшін түрлі тәсілдерді қолданатынын ескертіп, бейтаныс адамдардың банк қызметкері, полиция өкілі немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде хабарласуы мүмкін екенін айтты. Мұндай жағдайда жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамға беруге болмайды.
Ернұр Қырғызбаев кибермәдениет ең алдымен адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Интернеттегі кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, күмәнді ұсыныстардан бас тарта білу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және жеке ақпаратты жариялауға сақтықпен қарау – қауіпсіз цифрлық ортаның негізгі талаптарының бірі.
Кездесу барысында оқушылар да өз пікірлерін білдірді. №90 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Мөлдір Ғалымжанқызы интернет алаяқтығының алдын алу үшін күмәнді сілтемелерді ашпай, бейтаныс хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігін атап өтті.
№89 мектеп-лицейінде де қатысушыларға интернет желісінде жиі кездесетін киберқауіптердің түрлері мен олардан қорғану жолдары түсіндірілді.
Мамандар киберқауіпсіздік күрделі технологиялардан ғана емес, күнделікті қарапайым әдеттерден басталатынын атап өтті. Әр аккаунтқа жеке әрі күрделі құпиясөз қолдану, екі факторлы аутентификацияны қосу, операциялық жүйе мен қосымшаларды уақытылы жаңарту, күмәнді файлдар мен сілтемелерді ашпау – қауіптің алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі.
«Кибермәдениет айы» аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – азаматтардың киберқауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру, интернеттегі алаяқтықтың алдын алу және қауіпсіз цифрлық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар қыркүйек айы бойы жалғасады.








