ADYM.KZ / Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысы өтті.
Отырыстың басында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға сәйкес төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берді.
Премьер-министр жаңа Конституцияның күшіне енуі ел үшін саяси және экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңін бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, осы тарихи кезеңде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы қойған міндеттерді барлық бағыт бойынша жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыруы қажет.
«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттарының маңызын атап өткен Олжас Бектенов бұл ұстанымдар мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
Премьер-министр Үкімет жұмысы жедел әрі нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі кезеңде толық жауапкершілікті мойынға алып, нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін шешімдерді дер кезінде қабылдау маңызды.
«Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек», – деді Олжас Бектенов.







