Шымкент қаласында белсенді жастармен Жаңа Конституцияны насихаттауға бағытталған мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты Шымкент қалалық Жастар ресрустық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметті арттыру және елдің тұрақты дамуына үлес қоса алатын саналы әрі белсенді азаматтардың қалыптасуына ықпал ету. Сонымен қатар Конституцияда айқындалған негізгі құндылықтарды түсіндіру арқылы қоғамдағы бірлік, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушыларға Жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулардың мәні жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, Ата Заңның жекелеген баптарына енгізілген жаңашылдықтар, олардың қоғамдық-саяси және әлеуметтік өмірдегі маңызы, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар кеңінен талқыланды.
Спикерлер Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі орнына тоқталып, оның негізгі қағидаттарын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын орындау және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мәселелері сөз болды. Заңды білу мен оны құрметтеу құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі екені айтылды.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Конституциялық өзгерістерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар Ата Заңда бекітілген құндылықтардың маңызын талқылап, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде пікір алмасты.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың құқықтық білімін жетілдіру, елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуына жағдай жасау және азаматтық ұстанымын нығайту – мемлекеттің орнықты дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституцияның мазмұнын түсіндіруге арналған кездесулердің маңызы зор. Сондай-ақ, жастар арасындағы осындай шаралардың маңызы әрқашан өзектілігін жойған емес.
Кездесу қорытындысында Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын жастар арасында кеңінен түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.








