ADYM.KZ / 24 маусымдағы мәлімет бойынша Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Есепті аптада ең көп арзандаған өнім – қызанақ. Оның бағасы 5,5 пайызға төмендеген. Сондай-ақ І санаттағы жұмыртқа мен қиярдың бағасы 1,3 пайызға арзандады.
Бұдан бөлек, пастерленген сүт, майлылығы 2–3 пайыз айран, 5–9 пайыздық сүзбе және қара шайдың бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Ал ажарланған күріш, балық, қаймақ, алма және ас тұзының бағасы 0,1 пайызға арзандаған.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жалпы деңгейі Қонаевта 0,5 пайызға, Көкшетауда 0,4 пайызға, Павлодарда 0,3 пайызға, ал Шымкент, Атырау және Петропавл қалаларында 0,2 пайызға төмендеді. Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз және Өскемен қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталды.
Мамандардың айтуынша, бағаның төмендеуіне көкөністердің маусымдық арзандауы және бакалея өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасының төмендеуі әсер еткен.
Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір келісі үшін 654 теңгені құрады. Ең төменгі баға Шымкентте тіркелді – 406 теңге.
Ажарланған күріштің орташа бағасы – 532 теңге. Бұл өнім Қызылордада (461 теңге) және Алматыда (478 теңге) ең арзан сатылып жатыр.
Картоптың орташа бағасы республика бойынша бір келісі үшін 280 теңгені құрады. Ең төменгі баға Тараз қаласында – 220 теңге.
І санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 575 теңге болды. Ең қолжетімді баға Көкшетауда (486 теңге) және Ақтөбеде (488 теңге) тіркелді.
Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келісі үшін 3 777 теңге, ал тауық еті 1 725 теңге деңгейінде қалыптасты.








