ADYM.KZ / М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шарада елдегі саяси және қоғамдық өзгерістердің мәні, реформалардың маңызы мен Қазақстанның даму перспективалары талқыланды.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен жастар қатысты. Жиынды университет ректоры Мұхтар Төлеген жүргізіп, қатысушылар арасындағы пікір алмасуға модераторлық етті.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев кітаптың негізгі идеяларына тоқталып, Қазақстандағы реформалардың мәні, ел дамуының басым бағыттары және болашаққа бағдарланған өзгерістер туралы ой бөлісті. Автор еңбегінде мемлекет пен қоғамның өзара байланысы, жаңғыру үдерістері және елдің келешегін айқындайтын маңызды мәселелерге назар аударылған.
Талқылау барысында әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, қоғам қайраткері Бауыржан Әлтеев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева және саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты Сәуле Рысбаева өз пікірлерін білдірді. Олар кітаптың мазмұнына қатысты ойларын ортаға салып, елдегі өзгерістерді тарихи, қоғамдық және саяси тұрғыдан зерделеудің маңызын атап өтті.
Қатысушылар реформалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін қоғамның белсенділігі, азаматтық жауапкершілік пен ортақ мақсатқа жұмылудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақтың мемлекет болашағына деген көзқарасын қалыптастыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Кітап таныстырылымы мазмұнды пікірталас алаңына айналып, оқырмандарға Қазақстанның даму жолы мен алдағы міндеттерін тереңірек пайымдауға мүмкіндік берді. Кездесу соңында қатысушылар авторға сұрақтар қойып, кітапта көтерілген мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.








