Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығы ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, — деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты қала әкімінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, нысанның құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталған болатын. Жоба қаланың жол желісін жетілдіруге, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға және тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсартуға бағытталған.
Бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері мен таңбалары салынды. Эстакаданың ашылуы қаланың көлік қозғалысы тығыз учаскелерінің біріндегі инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңі болды.
Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің қажеттілігіне сай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи көлік шешімдері жолдағы кептелістерді азайтуға, тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетуге және қала аудандары арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жобалар қаланың көлік жүйесіне түсетін жүктемені тиімді бөлуге ықпал етеді.
Жаңа жолайырықтың пайдалануға берілуі аталған учаскедегі көлік ағынын реттеуге және жол қозғалысының ұйымдастырылуын жақсартуға бағытталған. Эстакада арқылы қозғалыстың ашылуы жүргізушілерге жолдың осы бөлігінен кедергісіз өтуге жағдай жасайды. Бұл әсіресе көлік қозғалысы қарқынды кезеңдерде маңызды.
Қазіргі уақытта жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты, оң жақ өткел тармақтарын және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанның барлық бөлігі толыққанды пайдалануға беріледі. Жоба аясында көлік қозғалысымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына да жағдай жасау көзделген.
Іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда, барлық жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғаннан кейін осы аумақтағы қозғалысты ұйымдастыру сапасын арттырып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Осылайша, жаңа жолайырықтың ашылуы Шымкенттің көлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуға және қалалық жол желісінің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасы болып отыр.








