ADYM.KZ / Шымкент қаласында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың түрлі қауіп-қатер кезіндегі әрекет ету дайындығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыруға, халықты оқытуға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
Азаматтық қорғаныс – халық пен аумақты төтенше жағдайлардан және зақымдаушы құралдардың әсерінен қорғауға бағытталған жалпымемлекеттік іс-шаралар жүйесі. Қалада бұл бағыттағы жұмыстарға әкімдік жетекшілік етеді, ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тиісті іс-шараларды ұйымдастырып, жүзеге асырады.
Департамент азаматтық қорғаныс аясында тұрғындардың қауіпсіздік жөніндегі білімін жетілдіруге, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс шешім қабылдауына және тиісті әрекеттерді орындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқаруда. Оқыту іс-шаралары азаматтық қорғау саласындағы мамандардың дайындығын арттырумен қатар, тұрғындардың төтенше жағдайларға әзірлігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Азаматтық қорғау саласындағы Ұлттық орталықта 24 адам оқытылды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің базасында 1 200 тыңдаушы арнайы дайындықтан өтті. Қала аумағында азаматтық қорғаныстың түрлі тақырыптары бойынша 3 500-ге жуық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Бұл шаралар тиісті қызметтердің дайындығын пысықтауға, қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды жетілдіруге бағытталған.
Тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Төтенше жағдай кезінде әр азаматтың қалай әрекет ету керектігін білуі адам өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылды.
Қазіргі уақытта Шымкенттегі 2 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің 8 500-ге жуық кіреберісінде осындай тақтайшалар орналастырылған. Олар тұрғындарға төтенше жағдай туындаған кезде орындалуы тиіс негізгі әрекеттерді түсіндіруге және қажетті ақпаратты қолжетімді етуге арналған.
Азаматтық қорғаныс бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі халықтың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сауаттылығын арттыруға, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін нығайтуға және ықтимал қауіптердің алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан тұрғындарды оқыту, ақпараттандыру және оқу-жаттығулар өткізу жұмыстары қаладағы қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі болып саналады. Толығырақ: https://www.youtube.com/watch?v=jmWMDtE8sGU








