ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де 10–11-сынып оқушылары арасында «ZIYATKER | SHYMKENT» интеллектуалдық байқауының қалалық кезеңі өтті. Білім додасы оқушылардың эрудициясын шыңдап, таным көкжиегін кеңейтуге және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Байқаудың алғашқы, мектепішілік кезеңіне қаладағы білім беру ұйымдарынан 800-ге жуық оқушы қатысты. Солардың арасынан жоғары нәтиже көрсеткен 324 оқушы іріктеліп, қалалық кезеңге жолдама алды. Қатысушылар түрлі бағыттағы тапсырмаларды орындап, білім деңгейі мен ойлау қабілеттерін көрсетті.
Қалалық кезеңнің ашылу салтанатында Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының директоры Әшірбек Абытұлы Адеев пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жансерік Бауыржанұлы Жұман оқушыларға сәттілік тілеп, зияткерлік жобалардың маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың білімге деген ынтасын арттырып, ізденуге, өз қабілетін сынауға және жаңа белестерге ұмтылуға мүмкіндік береді.
Байқаудың негізгі ұйымдастырушысы, модераторы әрі жүргізушісі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өкілі Жандос Шынжырбайұлы қатысушыларды университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар жобаның алдағы кезеңдері туралы ақпарат беріп, байқау жеңімпаздарына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранттары берілетінін хабарлады. Ал бас демеуші Eduser компаниясы үздік қатысушыларға құнды сыйлықтар табыстайды.
Қалалық кезеңде оқушылар эрудициялық және интеллектуалдық тапсырмаларды орындап, білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген қатысушылар байқаудың 1/8 финалдық телевизиялық кезеңіне жолдама алады.
Жобаның басты мақсаты – білімді, ізденімпаз әрі жан-жақты оқушыларды анықтау, олардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту және жастар арасында зияткерлік сайыстарға деген қызығушылықты арттыру.
Байқаудың келесі кезеңдері телевизиялық форматта ұйымдастырылып, Ontustik TV телеарнасынан көрсетіледі. Бұл жас зияткерлерге өз білімін кең аудитория алдында танытуға мүмкіндік береді.








