ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері арасында «Этносаясатты түсіндіру және деструктивті діни ағымдардың зияндылығын насихаттау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, этносаралық келісімнің маңызын түсіндіру және қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрмет құндылықтарын дәріптеу.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Аман Мұқтархан Төлегенұлы, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат және «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Шамирзаев Аббас Ахмадшаевич қатысты.
Іс-шара барысында мамандар деструктивті діни ағымдардың ықпалы, олардың адамның дүниетанымы мен қоғамдық ортаға әсері туралы түсіндірді. Сондай-ақ діни ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, сенімді дереккөздерді ажырату және күмәнді мазмұндағы материалдарға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды. Жастарға интернет кеңістігінде таралатын діни сипаттағы ақпаратты тексеріп, белгісіз адамдардың ықпалына ермеудің маңызы түсіндірілді.
Теолог маман діни сауаттылықтың адамға діни ұстанымдар мен түрлі ақпаратты дұрыс түсінуге көмектесетінін атап өтті. Сонымен қатар зайырлы қоғам қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және өзге адамдардың сенімі мен көзқарасына түсіністікпен қарау мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызы да сөз болды. Қатысушыларға әртүрлі этнос өкілдері арасындағы өзара сыйластықты сақтау, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу және қоғамдағы бірлікке үлес қосу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте медиацияның дауларды өзара келісім арқылы реттеудегі рөліне тоқталды.
Мұндай кездесулер жастардың ақпараттық және діни сауаттылығын арттыруға, қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға және этносаралық келісім құндылықтарын нығайтуға бағытталған.








