ADYM.KZ / Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың қабілеттерін дамыту және қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында қолөнер көрмесі мен шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада жас шеберлер өздерінің қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, өнерпаздар шығармашылық қабілеттерін танытты. Кештің басты мақсаты – жастардың бойындағы талантты қолдау, олардың еңбегін бағалау және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасау.
Көрмеде 20 жас шебердің қолынан шыққан бұйымдар таныстырылды. Әрбір жұмыс қатысушылардың ізденісі мен шеберлігін көрсетіп, олардың шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 15 жас өнерпаз ән мен биден өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шығармашылық кеш жастардың өз қабілеттерін ортаға салып, көпшілік алдында өнер көрсетуіне жол ашты.
Іс-шара барысында жобаға белсенді қатысып, шығармашылық бағытта өздерін таныта білген жастар марапатталды. Бұл олардың еңбегін ынталандырып қана қоймай, жаңа бастамаларға ұмтылуына және өз мүмкіндіктеріне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың сәуір айынан бері жүзеге асып келе жатқан «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы бүгінге дейін 200-ден астам жасты қамтыды. Жоба қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, таланттарын танытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған.
Осындай бастамалар жастардың әлеуетін ашуға, олардың шығармашылық ортаға араласуына және қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жастардың қабілеттерін қолдап, жаңа қырынан танылуына жағдай жасауға бағытталады.








