ADYM.KZ / Шымкент қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Индустриалды-техникалық колледжінің студенттерімен «Нашақорлық пен АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға денсаулық сақтау саласының мамандары мен Жастар ресурстық орталығының өкілі қатысып, жастарға маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы айтылды. Мамандар есірткіге тәуелділіктің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанудың, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың және дұрыс орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларда саналы шешім қабылдау қажеттігі түсіндірілді.
Бұдан бөлек, АИТВ инфекциясының таралу жолдары, оның алдын алу шаралары және инфекцияның берілу қаупін төмендету тәсілдері жөнінде ақпарат берілді. Мамандар АИТВ туралы дұрыс мәліметке ие болудың маңызын түсіндіріп, бұл мәселеге қатысты қате түсініктер мен негізсіз қорқыныштың алдын алу қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар АИТВ-ның алдын алуда медициналық сауаттылық пен уақтылы тексерілудің маңызы айтылды.
Кездесу жастардың денсаулық мәселелеріне қатысты білімін толықтырып, өз өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етуге бағытталды. Мұндай ақпараттық шаралар жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға, медициналық сауаттылықты арттыруға және салауатты өмір салтының құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жастар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу – олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте ақпараттық кездесулер жастардың дұрыс таңдау жасауына және денсаулығын сақтауға бағытталған бастамалардың қатарын толықтырады.








