ADYM.KZ / Астанада Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен бірге басылым даналарын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Арнайы басылым шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелеріне ұсынылды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Аида Балаева жаңа Конституцияның қабылдануы Мемлекет басшысы 2019 жылы бастаған саяси және қоғамдық реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституцияның басты ерекшелігі тек құқықтық нормаларында ғана емес, сонымен қатар қоғамның негізгі құндылықтарын айқындауында.
Министрдің айтуынша, жаңа Конституцияда алғаш рет мәдениет, ғылым және білім конституциялық деңгейдегі негізгі құндылықтар ретінде бекітілді. Сонымен бірге ұлттық мәдениетті мемлекеттік қолдау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті ретінде айқындалған.
Сондай-ақ құжаттың идеялық негізінде Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қағидаттары жатқанын айтты.
Кездесу барысында жаңа Конституцияда отбасы институтының құқықтық негіздері нақтыланып, қоғам үшін маңызды құндылықтарды қорғауға қатысты конституциялық кепілдіктердің күшейтілгені де айтылды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданды. Негізгі заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.








