
Ақтөбе облысында өтіп жатқан «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында «Күшіміз бірлікте» атты әскери-далалық тактикалық ойын ұйымдастырылды. Бұл сынаққа бұрынғы кезеңдерде үздік нәтижелер көрсеткен командалар қатысты.
Ойын сценарийі мүмкіндігінше нақты әскери жағдайларға жақындатылып, қатысушыларды шынайы ортада сынауға бағытталды. Таңертеңгі дабылдан басталған әскери іс-шара кезінде барлық командалардың дайындығы мұқият тексерілді. Одан кейін нұсқаушылар тарапынан марш жасау тәртібі мен қауіпсіздік талаптары туралы нұсқау берілді.
Жауынгерлік бұйрық алғаннан кейін жас сарбаздар өзара үйлесімді жұмыс істеу, жергілікті жерді бағдарлау, топ ішіндегі қарым-қатынас пен қолдау көрсету, шартты жараланғандарды эвакуациялау, кедергілерді еңсеру және дағдарыс жағдайларында тактикалық шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.
«Айбын-2025» лагерь жиыны штабының бастығы подполковник Дәулет Бейсековтің айтуынша, мұндай сынақтар қатысушылардың төзімділігін арттырып қана қоймай, командалық рухты нығайтады. Сондай-ақ бұл жастарды тәртіп пен сенімнің маңыздылығын түсінуге ынталандырады.
«Бұл сынақтар күш-қуат тұрғысынан шыңдалуға, сондай-ақ командада бір-біріне дем беруге мүмкіндік береді. Болашақ Отан қорғаушы осылай қалыптасады», – деді подполковник Бейсеков.
«Айбын» жиынына алғаш рет қатысқан семейлік жас патриот Жақан Абзал өз тәжірибесімен бөлісті:
«Біздің команданың көшбасшысы болып, әскери-далалық ойындарда бақ сынау мен үшін үлкен мәртебе. Мұнда сарбаз ретінде командирдің бұйрығын дәл және жылдам орындаудың қаншалықты маңызды екенін сезіндім», – деді жас патриот.
«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны жыл сайын елге адал, белсенді әрі жауапты жас буын қалыптастыруға үлес қосуда. Бұл шаралар жастардың әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіруге, ұжымдастық пен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған.
«Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны қатысушыларға шынайы әскери ортада өз күшін сынап, командалық рух пен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. «Айбын-2025» жиыны осындай жан-жақты шаралар арқылы еліміздің болашағына сенімділікпен қарайтын патриот жастарды тәрбиелеуді жалғастыруда.