#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Ақтөбеде Қорғаныс министрі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жас сарбаздармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты салалық министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото министрлік сайтынан алынды.

Қорғаныс министрі ел тарихы мен оның рухани мұрасына ерекше құрметпен қарау қажеттігін, сондай-ақ қазақ батырларының ерлік дәстүрлерін сақтау – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Дәурен Қосанов жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығын баса көрсетті.

Авиация генерал-лейтенанты балаларға белсенді өмірлік ұстанымдары, әскери-қолданбалы пәндерді табысты меңгеруі және әрқашан жеңіске ұмтылуы үшін ризашылығын білдірді.

– Қазақстан Республикасы – біздің Отанымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың міндеті. Сендер – нағыз патриотсыңдар. Бүгінгі жиынға қатысу үшін мұқият іріктеуден өттіңдер. Дүбірлі додада жоғары нәтиже мен жеңіс тілеймін, – деді министр жас сарбаздарға арнаған сөзінде.

Кездесу барысында Дәурен Қосанов «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерінің қойған сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, оларға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары арасындағы жарыстар өтіп жатыр. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының делегациясы жиынға бақылаушы ретінде қатысуда.

Ашылу күніне арнайы ұйымдастырылған мәдени-танымдық бағдарлама қонақтар мен қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Шара аясында қазақстандық «Жас сарбаз» балалар үрмелі аспаптар оркестрінің тұсаукесері өтті.

Мерекелік концерттен кейін әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған көрмеге қатысты. Бұл көрме қатысушы мемлекеттердің рухани бірлігін көрсетіп, «Айбын – достық мекені» атты мобильді интерактивті экспозиция ретінде ұйымдастырылды.

Көрмеге келгендер Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерінің қатысуымен елімізде тұратын этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны елімізде және көрші мемлекеттерде патриоттық тәрбиені дамытуға, жас ұрпақтың әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіруге және мемлекеттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болып отыр.

Жиынның өткізілуі жастарды ел тарихы мен дәстүрлерін құрметтеуге, әскери өнер мен технологияларды игеруге ынталандырып, олардың бойында Отанға деген махаббат пен патриоттық сезімді қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Соңғы жаңалықтар