
Отырысқа қатысушыларды қабылдаушы тараптың төрағалығы аясында шақырылған жоғары деңгейдегі делегациялар мен ведомство басшылары біріктірді.
Кеңесте жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары ортақ сын-қатерлерге қарсы тұру, өңірлік тұрақтылықты сақтау және әскери ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында өзара тәжірибе алмасып, тиімді ұсыныстарды ортаға салды.
Қазақстан атынан кеңеске қатысқан Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан қорғаныс ведомстволарының басшыларымен, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысымен бірқатар маңызды екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, әскери техникалар мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
ШЫҰ елдері қорғаныс ведомстволары басшыларының келесі кездесуі 2026 жылы Қырғызстан Республикасында жоспарланған. Бұл жиын өңірлік қауіпсіздік пен әскери ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған маңызды алаң болмақ.
Циндаода өткен кеңес Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы әскери-саяси диалогты күшейтуге, мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін үйлестіруге бағытталған. Қазақстанның осы процестегі белсенділігі елдің өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық тұрақтылықты қолдаудағы жауапкершілігін көрсетеді.