
Ақтөбе облысында 23 маусымда дәстүрлі «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны ресми түрде өз жұмысын бастады. Бір күн бұрын далалық лагерь аумағына Қазақстанның әр аймағынан келген 50-ден астам командамен қатар, алтауы шетелдік команда болды. Жиынға қатысушылар саны 700-ден астам ұл мен қызды құрады.
Жиынның алғашқы күнінде командалар төрт негізгі байқаудан сынға түсті: «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықтан ату, «Smart sarbaz» технологиялық байқауы және Калашников автоматын толық бөлшектеу және құрастыру жарысы.
«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынының конкурстары қатысушыларға қиын әрі қызықты болатындай етіп арнайы әзірленген. Командалық жарыстар достық қарым-қатынасты нығайтып, интеллектуалдық қабілеттер мен күрделі тапсырмаларды шешуге дағдыландырады. Сонымен қатар, спорттық сайыстар ерік-жігерді шыңдауға мүмкіндік береді, – дейді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев.
«Айбын дарыны» зияткерлік квиз-ойыны қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін, тарих және медицина негіздері бойынша білімін, жалпы эрудициясын тексереді. Командалар жылдам әрі дұрыс жауап беру арқылы ұпай жинап, жарыста көшбасшылыққа таласады.
Пневматикалық мылтықтан ату жарысына бес адамнан тұратын командалар қатысып, 10 метр қашықтықтан нысанаға дәл тигізуге ұмтылады. Жоғары ұпай жинаған командалар жүлделі орындарға ие болады.
«Smart sarbaz» технологиялық байқау қатысушылардың робототехника саласында жасаған өнертабыстарын таныстыруға арналған. Бұл жарыста жауынгерлік жағдайларда адамды алмастыра алатын роботтық құрылғылардың модельдері ұсынылады. Байқау жасөспірімдерге сыни ойлау мен эксперимент жасауға үйретіп, командада жұмыс істей білу қабілетін арттырады.
«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналады. Бұл дәстүрлі жиын биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде оған Қазақстан мен шетелден 10 мыңнан астам жас қатысқан.
Жиынның ұйымдастырушылары оқушылар мен жасөспірімдердің патриоттық сезімін арттыру, олардың әскери және зияткерлік қабілеттерін дамыту, дене тәрбиесіне және шығармашылыққа ынтасын ояту мақсатында байқаулардың кең ауқымын қамтып келеді.
Оқу орталығының аумағында қатысушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған: шатырлы қалашық, медициналық пункт, асхана және жаңа спорттық алаңдар (воркаут, жүгіру жолы, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары) жұмыс істейді. Далалық лагерьде жасөспірімдер армия атмосферасын сезініп, жарыстардан кейін демалуға мүмкіндік алады.
«Айбын-2025» әскери-патриоттық жиыны еліміздің жас ұрпағын Отан қорғауға дайындау, олардың патриоттық рухын қалыптастырудағы маңызды алаңға айналып отыр. Жас сарбаздар осы шарада өз білімдері мен дағдыларын шыңдап, жаңа достар табады және ел қорғанысының болашағына сенімді қадамдар жасайды.