#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

«Каспий самалы – 2025»: Қазақстан мен Әзербайжан ӘТК бірлескен оқу-жаттығуы табысты аяқталды

Ақтау қаласында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің базасында «Каспий самалы – 2025» бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуларының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты салалық министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото министрлік сайтынан алынды.

Шараға қос елдің әскери теңіз күштерінің басшылық құрамы мен жеке құрамы қатысты. Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков қатысушыларды құттықтап, оқу-жаттығу сәтті өткенін атап өтті:

– Бүгін біз Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштері өткізген «Каспий самалы» бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуының сәтті аяқталғанын атап өтеміз. 2015 жылдан бері біздің елдер тұрақты әрі нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұл оқу-жаттығу – жауынгерлік шеберлік пен достық қатынастардың тағы бір айғағы. Екі ел арасындағы әскери серіктестік одан әрі нығая берсін.

Жалпы оқу-жаттығуға 300-ге жуық әскери теңізші қатысты. Каспий теңізінің қазақстандық секторында өткен маневрлерге Қазақстан Әскери-теңіз күштері тарапынан:

«Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемелері; жауынгерлік қайықтар мен гидрографиялық кемелер; сондай-ақ Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы жұмылдырылды.

Әзербайжан ӘТК атынан оқу-жаттығуға «G-122», «G-124», «G-129» секілді заманауи күзет кемелері қатысты. Оқу-жаттығудың мазмұны мен нәтижесі Оқу-жаттығу барысында әскери теңізшілер: теңіздегі бірлескен маневр жасау; іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу; қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерге қарсы тұру; диверсияға қарсы қамтамасыз ету; әуе шабуылына қарсы қорғаныс шараларын ұйымдастыру; теңіз және әуе нысандары бойынша оқ ату, жүзбелі миналарды залалсыздандыру сынды маңызды тактикалық міндеттерді сәтті орындады.

Оқу-жаттығудың әр кезеңінде теңізшілердің кәсіби дайындық деңгейі мен өзара үйлесімді әрекеті жоғары бағаланды.

Салтанатты жабылу рәсімінде оқу-жаттығу кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге құрметті кубоктар мен грамоталар табыс етілді. Әскери бөлімшелер арасындағы жоғары үйлесімділік пен жауапкершілік оқу-жаттығудың тиімділігін арттырды.

«Каспий самалы – 2025» оқу-жаттығулары – Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштерінің кәсіби шеберлігін шыңдаумен қатар, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы серіктестік пен достастықтың нақты көрінісі болды.

Теңіздегі осындай жаттығулар Каспий аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қос елдің бірлесіп үлес қосуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Соңғы жаңалықтар