
Бұл шара Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды және цифрлық трансформацияны қарқынды енгізу жағдайында әскери мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталды.
Жаңа технологиялар – жаңа талаптар
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары мен Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің тәжірибелі мамандары өткізді. Курс барысында тыңдаушылар: геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) қолдану, цифрлық картографиялау әдістері, кеңістіктік деректерді талдау, навигациялық сүйемелдеу, автоматтандырылған геодеректермен жұмыс істеу және заманауи картографиялық өнімдерді әзірлеу бойынша теориялық және тәжірибелік білімдерін жетілдірді.
Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары полковник Шаяхмет Әшіров курстың негізгі мақсатын былай түсіндірді:
– Қорғаныс жүйесінде цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу күн тәртібінде тұр. Осы орайда әскери қызметшілердің топогеодезиялық, картографиялық және навигациялық құралдарды меңгеруі аса маңызды. Ұйымдастырылған курс дәл осы бағыттағы білім мен дағдыны жүйелеуге және дамытуға арналған.
Практика мен материалдық қолдау – басты назарда
Оқу бағдарламасы тәжірибеге бағдарланған және нақты әскери міндеттерді орындау барысында геоақпараттық деректерді тиімді пайдалану мүмкіндіктеріне негізделген. Тыңдаушылар түрлі ГАЖ платформаларымен, цифрлық модельдермен, ғарыштық және аэрофотосуреттермен, сондай-ақ жергілікті жердің сандық үлгілерімен жұмыс істеуді үйренді.
Курс қорытындысы бойынша барлық тыңдаушылар біліктілікті арттыру туралы сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар, оларға оқу барысында өткен дәрістер мен презентациялар, бейнематериалдар, анықтамалық құралдар және әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.
Келешекке қадам: жаңа білім – нақты нәтижеге апарады
Ұлттық қорғаныс университеті қорғаныс саласының ақпараттық-талдамалық бағыты бойынша мамандар даярлау ісін одан әрі дамытуға ниетті. Осы мақсатта университет цифрлық қауіпсіздік, жаңа буындағы геоақпараттық шешімдер және автоматтандырылған басқару жүйелері бағытында қосымша курстар мен зертханалық бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл оқу бағдарламасы – жаңа технологияларды меңгерген кәсіби әскери кадрлар корпусын қалыптастыру жолындағы тағы бір нақты қадам.