ADYM.KZ / Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында дәстүрлі «Шымкент өнімдері – 2026» қалалық көрмесі өз жұмысын бастады. Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен құрылыс саласында жұмыс істейтін 70-тен астам отандық кәсіпорын қатысуда.
Шаһардың танымал брендтері — «Рахат-Шымкент» ЖШС, «ВИЗиТ» алкогольсіз сусындар зауыты ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Шымкент-Кашемир» ЖШС, «КазИталКожа» ЖШС, «MegaSMARTB2B» ЖШС және ECOPHARM Family Group компаниялары өз өнімдері мен жетістіктерін көпшілікке таныстырды.
Көрменің негізгі мақсаты — Шымкентте өндірілетін өнімдерді кеңінен таныту, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа серіктестер табу. Сонымен қатар, көрме кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға, өнім түрлерін көбейтуге және импортты алмастыруға ынталандырады. Тікелей іскерлік байланыстар орнату үшін ұйымдастырушылар құрылыс саласы, HoReCa (қонақүйлер мен мейрамханалар) өкілдерін және тиісті ведомстволардың мамандарын шақырды.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов жергілікті тауар өндірушілердің «Шымкент өнімдері – 2026» көрмесі бүгін, 21 қазанда, жұмысын бастағанын айтты.
«Көрме орталығында экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 70-тен астам жергілікті кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда. Олардың қатарында дайын металл және пластмасса бұйымдарын, резеңке өнімдерін, құрылыс материалдарын өндірушілерден бастап, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешен өкілдеріне дейін бар.
Бұл іс-шараның басты мақсаты — отандық өнімдерді қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарына таныстыру, сондай-ақ, кәсіпкерлеріміздің жетістіктерін кеңінен насихаттау.
Бүгінде Шымкентте ірі, орта және шағын санаттағы 900-ден астам кәсіпорын тіркелген. Олардың ішінде 20 ірі және 40 орта кәсіпорын бар. Жыл сайын өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеуетіміз де күшейіп келеді. Қазірдің өзінде 70-ке жуық дистрибьюторлық және өндірістік кәсіпорын шетелдік нарықтарға шығып отыр. Олардың басым бөлігі қаланың индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарында табысты жұмыс істеуде.
Биыл біз шамамен 30 жаңа өндіріс нысанын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның 12-сі пайдалануға беріліп, тұрақты жұмыс істеп келеді», — деді Ермек Тұрманов іс-шараның ашылу рәсімінде.
Айта кетсек, дәстүрлі көрме 23 қазанға дейін жалғасады.








