ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Адал қоғам – қауіпсіз болашақ» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, психолог және орталық мамандары қатысып, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге полиция капитандары Әсемай Есенқызы Анарбаева мен Бахытжан Турсунбаевич Бекбаев, тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Салтанат Сайлауқызы Асанова және «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Ақсымбат Рашидқызы Әлімқұл қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және қоғамда қауіпсіздік пен өзара жауапкершілік қағидаттарын нығайту. Сонымен қатар қатысушыларға құқық бұзушылықтың салдары мен оның алдын алу жолдары түсіндірілді.
Кездесу барысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар зорлық-зомбылықтың белгілерін дер кезінде тану, қиын жағдайға тап болған кезде тиісті көмекке жүгіну және адамның жеке шекарасын құрметтеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ әрбір азаматтың қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосуы маңызды екені айтылды.
Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлер туралы ақпарат берілді. Жастарға жеке деректерді қорғау, банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз тұлғалардың ұсыныстарына сақтықпен қарау жөнінде кеңестер ұсынылды. Мамандар кез келген ақпаратты тексеріп, интернетте саналы әрі жауапты әрекет ету қажеттігін еске салды.
Психологиялық саулықты сақтау тақырыбы да назардан тыс қалмады. Психолог Салтанат Сайлауқызы Асанова қиын жағдайларда эмоцияны басқара білу, күйзелісті еңсеру, өз сезімдерін дұрыс жеткізу және жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің маңызына тоқталды. Қажет болған жағдайда мамандардан психологиялық көмек сұрау әлсіздік емес, керісінше, өзіне жауапкершілікпен қараудың белгісі екені түсіндірілді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында адалдық, жауапкершілік, өзара құрмет пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сақтау және қауіп-қатерге бейжай қарамау – қауіпсіз қоғам құрудың маңызды шарттары.
Іс-шара соңында жастарға құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді атсалысу, жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау және қиындық туындаған жағдайда тиісті мамандардан көмек сұрау қажеттігі айтылды. «Адал қоғам – қауіпсіз болашақ» тақырыбындағы кездесу жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды профилактикалық іс-шара болды.








