ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Мирас университетінің студенттері арасында «Ғаламтор діни ұстаз емес» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі діни ақпаратты дұрыс бағалауға үйрету, күмәнді ақпарат пен теріс діни ықпалдан сақтану жолдарын түсіндіру.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Қармантай Нұржақсын, «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы Нұржан Абдукаримов және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Рауан Қыпшақбаев қатысты.
Интернеттегі діни ақпаратқа сыни көзқарас қалыптастыру маңызды. Кездесу барысында мамандар әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформаларда жарияланатын діни мазмұндағы материалдардың барлығы бірдей сенімді бола бермейтінін атап өтті. Жастарға ақпараттың авторын, дереккөзін және мазмұнын тексеру, күмәнді мәліметтерге бірден сенбеу, діни мәселелер бойынша білікті мамандар мен ресми ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Жат діни ағымдардың ықпалынан сақтану жолдары талқыланды. Мамандар жастарды күмәнді уағыздарға, жалған діни түсініктерге және адамды өз ортасынан оқшаулауға бағытталған әрекеттерге сақтықпен қарауға шақырды. Сондай-ақ діни сауаттылықты арттыру, ақпаратты саралай білу және кез келген мәліметті жан-жақты зерделеу теріс ықпалдың алдын алуда маңызды екені айтылды.
Зайырлы қоғам құндылықтарын сақтау мәселесіне назар аударылды. Қатысушыларға қоғамдағы өзара құрмет, келісім мен толеранттылықтың маңызы түсіндірілді. Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарын құрметтеу, түрлі көзқарастағы адамдармен сыйластық қарым-қатынас орнату және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелері қозғалды.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Ашық пікір алмасу жастардың діни ақпаратты қабылдауда жауапкершілік танытуына және өзекті мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастардың діни сауаттылығын арттыруға, интернеттегі ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.








