ADYM.KZ / Жайдарман қозғалысына тың серпін беретін жаңа форматтағы «Comedy Drive» жобасы көрерменге жол тартты. Жобаның басты мақсаты – әзіл мен шығармашылықты ұштастыра отырып, командалардың әлеуетін ашу, қатысушылардың сахналық шеберлігін шыңдау және тәжірибелі жайдарманшылардың басын бір алаңда біріктіру.
Жобаның басты ерекшелігі – менторлық формат. Енді командалар қазылар алқасы құрамынан өздеріне тәлімгер таңдап, алдағы ойындарда сол менторлармен бірлесе өнер көрсетеді. Бұл формат қатысушыларға тәжірибелі мамандардың кеңесін тыңдап, әзілдерін жетілдіруге, сахнадағы шеберлігін арттыруға және командалық жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар менторлар мен командалар арасындағы шығармашылық байланыс ойынның мазмұнын байытып, көрерменге тың қойылымдар ұсынуға жол ашады.
Алғашқы ойынға республиканың әртүрлі қалаларынан келген жайдарман командалары қатысты. Қатысушылар өзара бақ сынап, әзіл-қалжың арқылы көрерменнің көңілінен шығуға және шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты. Жаңа жобаның алғашқы кезеңі командалардың өзіндік стилін танытып, сахнадағы ізденісі мен тапқырлығын байқататын алаңға айналды.
Алғашқы ойынның қазылар алқасы тәжірибелі жайдарманшылар мен өнер өкілдерінен құралды. Олардың қатарында Шымкенттегі «Жайдарман» қозғалысының өкілі Тағай Нұралиев, «Сырдария» командасының капитаны Марат Сәрсенбаев, «Азартник» сериалының актері Ғани Беркінбай, «АЭСА» командасының капитаны әрі Жайдарманның үздік ойыншысы Мейрамхан Шалқыбеков және «Миллион» командасының мүшесі Ерболат Заркумов болды.
Қазылар алқасының тәжірибесі мен кәсіби бағасы қатысушылар үшін маңызды бағдар болмақ. Ал менторлық қолдау командалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, жаңа әзілдер мен сахналық шешімдерді іздеуге ықпал етеді.
«Comedy Drive» – дәстүрлі жайдарман ойындарына жаңа мазмұн қосып, командалардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін тың жоба. Алдағы кезеңдерде қатысушыларды жаңа сынақтар, қызықты шығармашылық кездесулер мен тартысты ойындар күтіп тұр.
Жобаның жалғасы әзілсүйер қауымға ерекше көңіл күй сыйлап, Жайдарман қозғалысының дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.








