ADYM.KZ / Құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Шымкент қаласында белсенді жастардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуы жолға қойылған. Бүгінде қалада «Жас полиция көмекшілері» мен студенттік еріктілер жасақтарының қатары артып, профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысуда.
Ерікті жастар құқықтық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы іс-шараларға қатысып, полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы профилактикалық жұмыстар кезінде қолдау көрсетеді. Олар қала көшелері мен саябақтарда тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және заң талаптарын құрметтеу қажеттігін түсіндіреді.
Мұндай бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еріктілердің профилактикалық шараларға қатысуы тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қалалық еріктілер қозғалысының көшбасшысы Диас Сүлейменов жастардың қоғамдық қауіпсіздікке қосып жүрген үлесіне тоқталды.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар қоғамдық тәртіпті сақтауға ғана емес, оның нығаюына да өз үлесін қоса алады. Еріктілердің қатысуымен өтетін іс-шаралар жас буынның жауапкершілік сезімін арттырып, қоғамға пайдалы болуға ынталандырады. Біздің мақсатымыз – Шымкенттің қауіпсіз әрі жайлы қала ретінде дамуына өз үлесімізді қосу», – деді ол.
Еріктілердің жұмысы тек рейдтік іс-шаралармен шектелмейді. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, акциялар, семинарлар мен қоғамдық бастамаларға да белсенді қатысады. Мұндай жұмыстар барысында заң талаптарын сақтау, буллингтің, вандализмнің, есірткі қылмысының және интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне назар аударылады.
Мамандардың айтуынша, жастарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына тарту олардың азаматтық ұстанымын нығайтып, өз ортасына жауапкершілікпен қарауына жол ашады. Белсенді жастардың үлгісі құрдастарын да қоғамдық пайдалы іске араласуға ынталандырады.
Шымкенттегі бұл бастама құқық бұзушылықтың алдын алуға, жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге және қоғам мен полиция арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта еріктілер қозғалысын дамыту және жастардың профилактикалық жұмыстарға қатысу аясын кеңейту көзделіп отыр.








