ADYM.KZ / Шымкентте жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті. Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Кездесу барысында жастарға есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов қатысты. Сала маманы жастарға есірткі заттарының адам денсаулығына, жеке тұлғаның болашағына және жалпы қоғамға тигізетін кері әсері туралы айтып, есірткі қылмысына қатысы бар адамдарға қолданылатын заң талаптары мен жауапкершілік шараларына тоқталды.
Сонымен қатар есірткіге тәуелділіктің алдын алу, заңсыз есірткі саудасына тартылмау және күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жастарға құқыққа қайшы әрекеттердің салдары түсіндіріліп, кез келген жағдайда заң талаптарын сақтау қажеттігі айтылды.
Мамандардың пікірінше, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Осы ретте профилактикалық түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Өйткені заң талаптарын білу және өз әрекетінің салдарын түсіну жастардың жауапкершілігін арттырып, құқыққа қайшы әрекеттерден сақтануына ықпал етеді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, есірткі қылмысына қатысты заң талаптары, құқықтық жауапкершілік және қауіп-қатерден сақтану жолдары бойынша нақты жауаптар алды.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауын нығайтуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға басымдық берілмек.








