Облыс және қала өндірушілерін насихаттау мақсатында өткен жәрмеңкеде өңірде өндірілетін тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл және құрылыс өнеркәсіптерінің жүздеген тауарлары ұсынылды.
Көрмеге Шымкент және Түркістан облысының 200-ден астам тауар өндірушілері мен Қазақстанның басқа аймақтарынан келген тауар өндірушілер қатысуда. Аталған шараға алғаш рет костюмдер мен ерлерге арналған киім тігетін, киім шығаратын және тұрмыстық химия шығаратын осы сынды 15 жаңа компания өз өнімдерін алып келген.
Екі күндік көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахимов, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, Астана, Атырау, Тараз қалаларының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы басшылығы мен басқа да өңірлердің кәсіпкерлері қатысты.
Отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен танысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев Қазақстан — Дүниежүзілік Сауда ұйымына, Еуразиялық экономикалық одағына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше болып табылатынын айтып, өңір кәсіпорындары халықаралық және экологиялық стандарттар талаптарына сай келетін өнімдер шығаруы қажет екенін атап өтті. Іс-шараның барысында облыс және қала әкімдері «Ордабасы құс» ЖШС-гі мен «Karlskrona LC AB» ЖШС-не өнім және кызмет көрсету саласындағы жетістігі үшін ТМД сыйлығын табыстады.
Бұдан бөлек шарада «Қазақстанның үздік тауары» атты байқау-көрмесі өтіп, жеңімпаздар марапатталатын болады. Конкурсқа кәсібін жаңа бастаған және танымал отандық тауар өндірушілер қатысуда, олардың арасында «Мадлен», «Ордабасы құс», «ВизИТ», «Рауан», «Алтын дән», «ШФ Гаухар», «Барыс-2007», «Амангелді», «Карлскрона», «Зерде керамика», КТЗ, «Бал текстиль», «Назар текстиль», «Azala», «Планта», «Айкан» және т.б. кәсіпорындар бар.
Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі критерийлерімен бағалайтын тәуелсіз сарапшылар үш номинация бойынша қатысушыларды іріктейді. Атап айтқанда «Халық тұтынатын үздік тауарлар»,«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».
Сонымен қатар, көрмеде аймақтық номинациялармен ең үздік компаниялар таңдалынады: «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызы бар стартап», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік этноөндіруші», «Табиғи өнім өндіруші» «Инновациялық жоба», «Жас өндіруші», «Үзді тауарлық қаптама», «Үздік еңбек жағдайлары» және «Ең үздік әйел-жұмыс беруші», «Қызмет көрсету саласындағы үздік жоба», «Бизнес-вумен-инноватор» номинациялары бойынша да әйелдер бизнесіне қолдау көрсетілетін болады.
Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға жолдама алады.
Редакция таңдауы
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН ШЫҒАТЫН ЕҢ ҮЗДІК ӨІМДЕРДІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТУДЕ
"Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Астананың 20 жылдығына орай «ӨҢІРЛІК өнімдері-2018» үздік тауарлардың көрме-жәрмеңкесі бастау алды", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.