
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және қорғаныс жүйесінің басқару тиімділігін арттыру, процестерді оңтайландыру, сондай-ақ елдің қорғаныс әлеуетін күшейту мақсатында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің құрылымында жасанды интеллект (AI) технологияларын дамытуға жауапты мамандандырылған бөлімше құрылды.
Жаңа құрылым – Қарулы Күштердің цифрлық трансформациясының маңызды элементі болмақ. Бұл бастама Қазақстан армиясының заманауи технологиялармен жабдықталған, икемді және дер кезінде шешім қабылдай алатын құрылым ретінде дамуына бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.
Басымдық – интеллектуалды басқару жүйесі негізінде бөлімшенің негізгі міндеттері мыналарды қамтиды: деректердің үлкен массивтерін (Big Data) талдау, басқару процестерін автоматтандыру, жедел және жауынгерлік сценарийлерді модельдеу, қазіргі әскери жағдайда тез әрі дәл шешім қабылдауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу және енгізу.
Жаңа технологиялар әскери басқару құрылымын түбегейлі жаңғыртып, армияның шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге, адам факторы әсерін азайтуға және қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізеді.
ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті: – Жасанды интеллект технологияларын армия қызметіне интеграциялау – бұл қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге толық сәйкес келетін, жаңғырту жолындағы маңызды әрі уақтылы қадам. Біз тек технологияны игеріп қана қоймай, оны әскери мақсатта қолданудың ұлттық үлгісін қалыптастыруға тиіспіз, – деді министр.
Ғылыми серіктестік пен ұлттық тәжірибе арқасында Бөлімше өз жұмысында: отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жоғары оқу орындарымен, бейінді IT-компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатпақ.
Бұл тәсіл шетелдік озық тәжірибені ескере отырып, жасанды интеллектті әскери қолданудың қазақстандық моделін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл серіктестік аясында нақты жобалар мен пилоттық шешімдер жасалып, олар әскери оқу-жаттығуларда сынақтан өткізіледі.
Қорғаныс министрлігі жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы кадрлық әлеуетті арттыруға да ерекше назар аударады. Жаңа бөлімшенің құрылуына байланысты: офицер-талдаушыларды, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау қолға алынады. Арнайы курстар мен бағдарламалар офицерлерді қазіргі заманғы AI алгоритмдерімен, нейрожелілік жүйелермен, автоматтандырылған басқару құралдарымен жұмыс істеуге үйретуге бағытталады.
Жасанды интеллектті енгізу — тек технологиялық прогресс қана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасы. Бұл бастама: қорғаныс жүйесінің икемділігі мен тиімділігін арттырады, шешім қабылдау процесін жылдамдатады, әскери іс-қимылдар кезінде дәлдік пен үйлесімділікті күшейтеді.
Қорғаныс министрлігі осы бастама арқылы жаңа басқару архитектурасын қалыптастырып, армияның болашағына жауапты, ғылыми-технологиялық негізде қалыптасқан жүйелі қадам жасап отыр.
Әлем қарулы күштердің дамуында жасанды интеллекттің рөлін ерекше атап өтуде. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмай, өз армиясын жаңа буын технологиялармен жабдықтап, ақылды, тиімді және қауіпсіз қорғаныс жүйесін құру жолында алға қадам басты. Жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі – Қарулы Күштердің стратегиялық артықшылығы мен болашақ жеңістерінің негізі.