
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әскери кафедраны тәмамдаған 300-ден астам студент 68665 әскери бөлімінің саптық алаңында салтанатты түрде әскери ант берді. Бұл – жастардың Отан алдындағы азаматтық борышына адалдық танытып, еліміздің қауіпсіздігіне қызмет етуге ресми уәде беру сәті болды.
Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері, кафедра басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарулы Күштердің ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Болашақ офицерлерге құрмет пен сенім
Салтанатты жиында түлектерге жүрекжарды тілектерін университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мен әскери кафедра бастығы генерал-майор Еділ Оразов жеткізді.
– Қорытынды емтихандар барысында сіздер жоғары дайындық деңгейін, оқыған пәндер бойынша жақсы білім көрсеткішін дәлелдедіңіздер. Бүгін әскери ант қабылдау арқылы сіздер «Отан қорғаушы» деген мәртебелі атаққа ие болдыңыздар. Осы атаққа лайық болыңыздар. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосып, адал қызмет етулеріңізге тілектеспін, – деді генерал-майор Е. Оразов.
Қос мамандық – қос мүмкіндік
ЕҰУ әскери кафедрасында студенттер 11 әскери-есептік мамандық бойынша білім алады. Түлектерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Бұл – оларға азаматтық мамандықпен қатар екінші – әскери мамандықты қатар алып жүруге, болашақта қорғаныс немесе құқық қорғау саласында қызмет етуге мүмкіндік береді.
2025 жылдан бастап кафедрада оқу бағдарламасы түбегейлі жаңартылып, заманауи қауіп-қатерлер мен геосаяси сын-қатерлер ескерілді.
Мәселен, болашақ барлаушылар енді негізгі күш құрамынан тыс жағдайда ұрыс жүргізу, заманауи байланыс құралдарын және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, сондай-ақ жоғары мобильділік пен үйлесімді әрекетке негізделген тактикаларды меңгереді.
Ал әскери журналистерге тактикалық, техникалық және саптық дайындықпен қатар, ақпараттық қауіпсіздік, үгіт-насихат, ақпараттық соғыс тәсілдері, цифрлық медиа мен психологиялық операцияларға қарсы әрекет ету курстары оқытылады.
«Біз әрқашан дайынбыз!»
Салтанатты рәсімге қатысқан түлектер бұл күнді ерекше толқыныспен қабылдады.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Біз әскери ант қабылдадық. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жоғары сенімнің белгісі. Біз еліміздің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауға әрқашан дайынбыз, – деді кафедра түлегі Ислам Тұрсын.
Шараға арнайы келген ата-аналар да ұлдарының жетістіктеріне қуанышты екенін білдірді. Кафедра түлегі Ернұр Далабаевтың анасы Думан Заркеева:
– Ернұрдың ант қабылдап, Отан қорғаушылар қатарына қосылғанына қуаныштымын. Әрбір ана баласының елге адал, батыл әрі абыройлы азамат болып өскенін қалайды. Бүгін сол армандардың бір сатысы орындалғандай болды, – деді.
Кәсіби шеберлік көрсетілімі
Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін шара көрнекі көрсетілімдермен жалғасты. Қатысушыларға 68665 әскери бөлімі Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі ұсынылды. Бұдан соң барлау бөлімшелерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Бұл қойылымдар болашақ офицерлерге әскери тәртіп пен кәсіби даярлықтың мән-маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.