
1996 жылдың 17 тамызы — Қазақстан Республикасының әскери тарихында алтын әріппен жазылған ерекше дата. Осы күні Ақтау қаласында алғаш рет еліміздің Әскери-теңіз күштерінің Туы көтерілді. Бұл оқиға егемен Қазақстанның теңіз шекарасын қорғаудағы батыл әрі стратегиялық маңызды қадамына айналды. Содан бері 17 тамыз — Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің ресми құрылған күні ретінде аталып өтеді.
Биыл осы тарихи сәтке 29 жыл толуына орай Ақтау қаласындағы амфитеатрдың ашық алаңында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Қарулы Күштердің басшылық құрамы, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, жергілікті билік өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жалпы, мерекеге 2000-нан астам адам жиналды.
Мемлекеттік және әскери рәміздер құрметіне – ерекше салтанат
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, алаңда Мемлекеттік Ту мен Әскери-теңіз Туы көтерілді. Бұл рәсім — теңізшілер үшін патриотизм мен әскери антына адалдықтың айқын символы болды.
Қазақстан Әскери-теңіз базасының командирі, бірінші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев жиналған жұртшылықты құттықтап, Әскери-теңіз күштерінің тарихы мен қазіргі даму қарқыны туралы айтты.
– Бүгін біз Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұлттық мүддемізді қорғауды қамтамасыз ететін Әскери-теңіз күштерінің іргетасын қалаған тарихи оқиғаны атап өтудеміз. Қазіргі буын әскери қызметшілер алғашқы теңізшілер салған дәстүрлерді бағалап, Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін арттыру мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында қызмет етуде, – деді ол.
Көрсетілімдер мен жауынгерлік өнер – көрермен назарына
Шара барысында Ақтау гарнизонына қарасты теңіз жаяу әскерлері, арнайы жасақтар мен теңіз авиациясы бөлімшелері жауынгерлік даярлық элементтерін көрсетті. Қонақтар десант қонуының тактикалық іс-қимылдары, қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, сондай-ақ арнайы операциялар кезіндегі бөлімшелердің үйлесімді әрекеттерін тамашалады.
Мерекенің шарықтау сәті — Каспий теңізі акваториясындағы әскери кемелер шеруі болды. Теңіздегі көрсетілімдер барысында әскери-теңіз күштерінің түрлі кластағы кемелері өз маневрлік мүмкіндіктері мен жауынгерлік даярлық деңгейін көрсетті. Бұл көрініс – қазақстандық флоттың техникалық және тактикалық әлеуетінің нақты дәлелі.
Техника көрмесі мен концерт – мерекенің сәні
Іс-шара аясында заманауи теңіз техникасы, қару-жарақ үлгілері, арнайы жабдықтар мен теңізшілердің кәсіби құралдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келген жастар мен балалар әскери техникамен танысып, теңізшілердің күнделікті қызметі туралы мол мағлұмат алды.
Салтанатты кешті әскери оркестр сүйемелдеуімен өткен мерекелік концерт түйіндеді. Концертке Әскери-теңіз күштерінің шығармашылық ұжымы, жас сарбаздар мен мәдениет қызметкерлері қатысты.
Елдің теңіз шебін күзету – абыройлы міндет
Қазақстан Әскери-теңіз күштері бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, теңіз шекарасын қорғау, халықаралық теңіз ынтымақтастығын дамыту және еліміздің су үсті егемендігін нығайту бағытында ауқымды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Қуатты, кәсіби және заманауи Әскери-теңіз күштері – еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Ал 17 тамыз – теңізшілер үшін тек тарихи дата ғана емес, елге адал қызмет ету мен әскери борышқа деген беріктіктің символы болып қала береді.