
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық күш құрылымдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында өткізілген «RUKH NATION» атты әскери-спорттық жарыста Қазақстан Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің (ДШӘ) құрама командасы жүлделі екінші орынды иеленді.
Төрт жауынгерден құралған команда 54 минут 48 секунд ішінде аса күрделі 36 табиғи және техногендік кедергілерді еңсеріп, көптеген беделді қарсыластарын, соның ішінде Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан және басқа да күш құрылымдарының арнайы жасақтарын басып озды.
Жарыс қатысушыларына арналған қашықтық 5 шақырымға созылып, түрлі деңгейдегі физикалық төзімділік пен шеберлікті талап ететін кедергілермен толықты. Жауынгерлер арқанмен көтерілу мен түсу, өзеннен өту, қол ұстағыштардан өту, биік қабырғалар мен тікенді сымдардан өту, сондай-ақ жасанды су айдыны мен ауыр жүк көтеру сияқты сыннан өтті. Әрбір кезеңді өту арнайы чип арқылы тіркеліп отырды — ол команданың жарысты бастаған, әрбір кедергіден өткен және мәреге жеткен уақыттарын дәл есептеді.
– Кедергілер жолағынан өту өте қиын болды. Біз бұл жарысқа арнайы дайындықсыз қатыстық. Соған қарамастан, барлық кедергілерден сәтті өттік. Мұндай форматтағы жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз, және жедел әрекет ету арнайы жасағынан кейінгі екінші орын – өте жақсы нәтиже деп есептейміз. Келесі жылы жарысқа арнайы дайындалатын боламыз, – деді ДШӘ командасының жаттықтырушысы, майор Антон Спиридонов.
Жарыс барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрама командасы жоғары дене дайындығын, темірдей төзімділік пен жеңіске деген жігерін, командалық үйлесімділігін, кәсіби шеберлігін және жауынгерлік рухын айқын көрсетті.
Айта кету керек, бұл – десантшылардың әскерилендірілген жарыстардағы алғашқы жетістігі емес. 2024 жылы қазақстандық десантшы Мұхиадин Сұмағұл АҚШ-та өткен халықаралық «Үздік жауынгер – 2024» байқауында бірінші орынды жеңіп алса, 2025 жылдың мамыр айында АҚШ-та ұйымдастырылған Best Warrior сайысында 3-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков мергендік сайыста ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік атқыш» атағына ие болды.
Бұл жетістіктер — Қазақстан Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік әлеуетінің, кәсіби шеберлігінің және рухани дайындығының айқын көрінісі. Алда әлі де жаңа сын-қатерлер мен белестер бар, ал еліміздің десантшылары оларды бағындыруға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.