
Қарулы Күштердің болашақ офицерлерін даярлайтын бұл оқу орнында қатаң іріктеу мен жауапты тексерулер жүріп жатыр.
Кешенді іріктеу: тек үздіктер ғана өтеді
Қабылдау комиссиясы талапкерлерді кешенді медициналық тексеру, психологиялық тестілеу және физикалық дайындық деңгейі бойынша бағалайды. Бұл кезең болашақ офицердің тек физикалық ғана емес, психологиялық және моральдық тұрғыдан да беріктігін анықтауға бағытталған.
– Біз осылайша армиямыздың болашағын қалыптастырамыз. Медициналық комиссия – курсанттар қатарына тек ең мықты әрі денсаулығы жарамды үміткерлердің өтуін қамтамасыз ететін негізгі сүзгі, – деді институт бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Даньяр Құдайбергенов.
Қазіргі офицер – жан-жақты дайындалған тұлға
Іріктеу барысында талапкерлердің стресске төзімділігі, шешім қабылдау қабілеті, топта жұмыс істеу машығы, ұйымшылдық пен жауапкершілік деңгейі де ескеріледі. Бұл ретте психологиялық тестілеу мен әңгімелесу ерекше рөл атқарады.
– Қазіргі заманғы офицер тек әскери машықтарды меңгеріп қана қоймай, экстремалды жағдайларда әрекет етуге қабілетті, сенімді көшбасшы болуы тиіс, – дейді психологиялық тестілеу комиссиясының мүшесі, капитан Нұржанат Маханова. – Тесттер мен әңгімелесу кандидаттың ұжымда қаншалықты үйлесімді жұмыс істей алатынын, ішкі дайындығы мен эмоционалды тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.
Жастардың дайындығы жоғары
Биылғы талапкерлердің арасында физикалық дайындық деңгейі жоғары, психологиялық тұрғыдан орныққан жастардың қатары көп. Комиссия мамандары бұл жағдайды жастардың салауатты өмір салтын ұстануы мен қоғамдағы әскери қызметке деген көзқарастың өзгеруімен байланыстырып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары әскери қызметке деген қызығушылық артып келеді. Бұл – жастардың Отан алдындағы борышын адал атқаруға деген ұмтылысының айғағы.
Миссия – Отанға адал қызмет ететін офицерлер даярлау
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты – Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтатын жоғары білікті офицерлерді даярлайтын жетекші әскери оқу орны. Мұндағы басты міндет – кез келген жағдайда елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғай алатын, кәсіби деңгейі жоғары, ұлтжанды офицерлерді қалыптастыру.