
Бұл іс-шара – еліміздің әскери-теңіз саласында резервті даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды әрі тарихи қадам.
Кәсіби даярлықты қайта жаңғырту. Жиынға бұған дейін Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің әскери-теңіз кафедрасын тәмамдаған 30 әскери міндетті тартылды. Олар – корабльдерді штурманмен қамтамасыз ету, радиотехникалық байланыс, дизель-энергетикалық қондырғыларды пайдалану және жөндеу сияқты бағыттар бойынша білікті мамандар.
Дайындық бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады. Іс жүзіндегі сабақтар тікелей әскери корабльдерде, тәжірибелі мамандар мен жауынгерлік бөлім командирлерінің жетекшілігімен өтуде.
– Жиынның басты мақсаты – запастағы офицерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру, бұрын меңгерген машықтарын қалпына келтіру және жетілдіру, қазіргі заманғы қару-жарақ пен техниканы игеру, сондай-ақ ұрысқа барынша жақын жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтау, – деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас штабының жұмылдыру және жасақтау бөлімінің бастығы, 3-дәрежелі капитан Ермек Ғазизов.
Негізгі бағыттар – штурмандық қызмет, байланыс және қару-жарақ жүйелері. Жаттығу барысында ерекше назар келесі бағыттарға аударылуда: Штурмандық дайындық – теңіз навигациясы, қозғалыс бағытын есептеу, навигациялық құралдарды қолдану; Зымыран-артиллериялық және суасты қаруы – қару-жарақ үлгілерімен қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеу; Байланыс пен автоматтандырылған басқару жүйелері – заманауи әскери инфрақұрылымға сәйкес техникалық дайындықты жетілдіру.
Нәтижелер – резерв сапасының көрсеткіші. Оқу-жаттығу жиыны соңында қатысушылар білімі мен дағдысын бағалау мақсатында сынақтар тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткен офицерлерге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кезекті әскери атақтар беріледі.
Бұл тәжірибе әскери резервті дайындаудың жаңа деңгейге көтерілгенін, сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Ел қауіпсіздігі – тұрақты дайындықта. Қазіргі геосаяси жағдайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде запастағы офицерлердің даярлығы – маңызды факторлардың бірі. Мұндай жиындар офицерлік резервтің нақты жағдайға бейімделуін, әскери-техникалық прогресті меңгеруін және қажет болған жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды орындауға толыққанды дайын болуын қамтамасыз етеді.