Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көшбасшылардың қатарында дер едім. Дегенмен, әлі де жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту міндеті тұр. Күні кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деген болатын Дархан Сатыбалды.
Жалпы жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 млрд. теңгенің жобалары мақұлданған. Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Бұл ретте, өңірдегі шаруа қожалықтары нәтижелі жұмысымен жобаны жандандырып, өз үлестерін қосуы тиіс деп санаймын.