#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Түркістан: Өмірін су шаруашылығында арнаған қарт маман өз саласында еңбек етіп келеді

Зейнетке шықса да бұл маманның көмек-кеңесіне, білім-тәжірибесіне өңір мұқтаж. Сол себепті де аудан басшылығы арнайы шақырып, жұмысын жалғастыруын сұраған. Ізін басып келе жатқан шәкірттері мен жас мамандар саланы жетік меңгергенше кеңес беріп, бас-көз болуын өтінген.

Шәкірт демекші, әке жолын қуып осы мамандықты таңдаған ұлдары мен қызы да үлгілі еңбегімен елге танылып үлгерді. Әкімдіктің ұсынысын ойлана келе, зейнеткерлікке дейінгі қызметін басшы емес, қатардағы инженер болып жалғастыруға келіскен-ді. Иә, біз бір кездері елеусіздеу болып көрінгенмен, ауыл шаруашылығы саласында сұраныс бар мамандық иесі Саттар Керімбаев туралы айтып отырмыз.

Судың тиісті мөлшерде және уақтылы жеткізілуіне жауапты, егістіктен мол өнім алуға тікелей сеп­тігі тиетін, арық-атыздың, үл­кен ка­налдардың жағдайын жақ­сы білетін бұл мамандық ие­лерін қазақ мұрап деп атайды. Түр­кістан облысындағы Келес және Сарыағаш аудандарының халқы Керімбаевтар әулетін осы су саласын жетік білетін мамандар ретінде де жақсы таниды. Бұл әулет 40 жылдан аса су шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Зейнетке шыққанымен жұмыстан қол үзбеген отағасы Саттар Алданиязұлы – «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Сары­ағаш және Келес аудандарына су жеткізумен айналысатын өн­ді­рістік бөлімшеде қатардағы ин­же­нер, ұлдарының үлкені Есен­келді – аталған филиалда су шаруашылығын жоспарлау және қаржылық талдау бөлімінің басшысы, Азамат Саттарұлы – Келес ауданындағы «Ақылбексай» су қоймасының су өлшеуші инженері, су шаруашылығының инженері Медет Саттарұлы Сарыағаш өн­діріс­тік бөлімшесін басқарады. Жоғары оқу орнын «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша биыл бітірген Роза Саттарқызы да осы салада еңбек етуді қалаған. Айтпақшы, Саттар Алданиязұлының келіні Күлімкөз су реттеуші болып еңбек етуде. «Ұл-қыздарыңызды бұл маман­дық­қа өзіңіз үгіттеген боларсыз?» де­ген­біз Саттар ағамен әңгіме ара­сында.

«Жоқ, өздерінің таңдауы. Ме­нің жұмысымды көріп өскен, бұл мамандықтың халыққа өте қажеттігін біліп өскен олардың таңдауына қарсы болған жоқпын. Әйтпесе, бүгінде канал жағалап жүргенді, күрек-кетпенмен арық-атыздағы судың кедергісіз ағуын қадағалап тыным таппайтын жұмысты қалайтын жастар аз. Жасыратыны жоқ. Ілгеріде су шаруашылығы мамандарының айлығы да аз болатын. Он шақты жыл болды көбейе бастағанына. Қазір осы екі ауданда су шаруа­шы­лығын жақсы білетін 3-4 аға буын өкілі қалды. Жастар енді-енді келіп жатыр. Оқуын бітіріп, мамандық алып келген жастардың ауылда қалатындары да аз. Яғни жас мамандар келгенімен тұрақ­та­майды. Мысалы, бесеуінің бір-екеуі қалса, шүкір дейміз. Ұлда­рым­ның, қызымның осы саланы таңдағанына қуанамын, бұл – сұранысқа ие мамандық. Тағы бір мәселе – жоғары оқу орындарында су шаруашылығына «узкий специалист», яғни бейінді маман даярлауға мән берілсе», дейді Саттар Алданиязұлы.

Өңірдің су шаруашылығындағы ахуалды өте жақсы білетін С.Ке­рім­баев Келес ауданында дү­ние­ге келген. Жамбыл гидроме­лио­ративті-құрылыс институтында оқып, инженер-гидротехник мамандығын алған. Білім ордасы жолдамасымен Алматы облысы Шелек ауданы «Қорам» кеңшарында аға агроном болып 1986 жылға дейін жұмыс істеді. Туған жеріне оралып, 1986-1993 жылдары Зах-Келес су шаруашылығы жүйелері басқармасының Келес ауданы бөлімінде аға техник, аға инженер, инженер-гидротехник қызметтерін атқарған. Үр­геніш қаласындағы КСРО Су шаруа­шы­лығы министрлігіне қарасты Бүкілодақтық білімін жетілдіру институтының Орталық Азия филиалында оқып, даярлықтан өткен Саттар Алданиязұлы 1993 жылы жаңадан құрылған Келес ауданы су шаруашылығы жү­йе­лері басқармасының бас инженері болып тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде болған экономикалық қиындықтар кезеңінде ауданда мекеменің толыққанды жұ­мы­сын, су саласы мамандарын сақтап қалу мақсатында қо­сымша жұмыстар қолға алынды. Осы егін егіп, қой асырау жұмыстарын ұйымдастыруда және кеңшарлардан су жеткізіп беру қызмет ақысы есебінен мекемені арнаулы техникалармен, көлік құралдарымен жабдықтауға бас инженер ретінде аянбай еңбек етті. Ал Келес пен Сарыағаш аудандары біріккен кезде Сарыағаш су шаруашылығы жүйелері басқармасында учаске бастығы болып 2008 жылға дейін қызмет атқарды. Осы кезеңде диқандар, шаруалар, әсіресе аудандағы ең шалғай орналасқан Бірлік ауыл округінің тұрғындары су жеткізіп беруді ұйымдастырған Саттар Алданиязұлын іскер азамат ретінде тани түсіп, алғысын айтқан-ды. Жекешелендіру кезеңінде құралған шаруа қожалықтарына суды үнемді пайдалану, су жеткізіп беру келісімшартын түзіп, учас­кеде істеп жатқан инженерлер мен су реттеушілерді жалақымен қамтамасыз етуде де қосқан үлесі зор. Осындай ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекқорлығы, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын болмысы ескерілген Саттар Алданиязұлы 2008 жылы «Оңтүс­тік­сушар» РМК Сарыағаш филиалының су пайдалану бө­лімі бастығы, филиал басшы­сы орынбасары қызметіне та­ғайын­далды. Ал 2011 жылы жаңадан құрылған «Қазсушар» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалы Сарыағаш өндірістік бөлімшесіне аға инженер қызметін атқарды. Сарыағаш және Келес аудандары аумағында Келес өзені арна­сында орналасқан Кескен, Шо­шым, Ошақты, Бес-Абдал су бөгет­терінің тозығы жеткен 24 су темір тоспа қақпаларын жаңасына ауыс­тыру жұмысына белсене араласты. Шардара ауданындағы Арнасай тоғанын салуға, үлкен Келес магистралды су жүйесіне қарасты Р-3 каналын қайта күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жоба жасау, қаржы бөлдіру жұ­мыстарында да белсенділік та­нытты. «Казсушар» РМК Түр­кіс­тан филиалы басшылығы көп жылғы тәжірибесін, білімін ескеріп 2020 жылы Сарыағаш өндірістік бөлімшесіне басшы етіп тағайындады. Су шаруашы­лы­ғындағы еселі еңбегі үшін са­ла министрлігінің, аудан әкі­мінің Алғысхаттарымен, «Су шаруашылығы үздігі», «Су шар­уа­шылығы ардагері», «Су саласына еңбек сіңірген қайраткер» төсбелгілерімен марапатталды.

Тәжірибелі маман аудан шар­уа­­шылықтарын сумен қам­та­масыз етуге қатысты өзекті мә­се­лелердің барын да жоққа шы­ғар­майды. Оймауыт су бөге­тінің ахуалына алаңдайды. «Ақыл­бексай» су қоймасының тиімді пайда­ла­ныл­ға­ны­на мүдделі екенін айтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолда­уын­да су тапшылығы мәселесіне, оны үнемдеуге қатысты бірқатар бастама көтерді. Бұл халықтан қолдау тауып жатыр. Жеке министрліктің құрылуы да көп жайтты аңғартады. Яғни алдағы уақытта еліміздің су шаруашылығында ауқымды өзге­рістер болары анық. Келес ауда­нындағы 1986 жылы салынған Оймауыт су бөгеті 1994 жылы құлаған. 2002 жылдан бері жай тоған ретінде пайдаланылып келеді. Яғни су бөгеті – апаттық жағдайда. Айтқан жерден аулақ, бұзылса, бірқатар ауылды су басу қаупі бар және 2 700 гектар жер сусыз қалуы мүмкін. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан ең күрделі мәселе. Бұл бойынша кейінгі жылдары әрекет жасалуда, шешімін табар деген үміттеміз», дейді Саттар Алданиязұлы.

Саттар ағамен әңгіме барысын­да есімізге Шыңғыс Айтма­тов­тың «Мұрап» әңгімесіндегі кейіп­ке­рі­нің: «Су – біреулерге тегін су көрінгенмен, біз үшін алтынмен тең… Су деген – көздеген мақсат, ар­қалаған бейнетіміз…», деген сөзі есімізге түскен-ді. Алтын­мен тең судың бейнетін арқа­ла­ған Керімбаевтар әулетінің ма­мандыққа деген адалдығы жас­тар­ға үлгі.

Соңғы жаңалықтар