Министр депутаттарды Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылуы туралы хабардар етті.
Светлана Жақыпова өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Президент тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, Кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады.
Еңбекмині зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесін пысықтауда.
Халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады.
Бұдан басқа, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақының мөлшерін айқындайтын әдістеменің жобасын әзірлеп, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.
Сонымен қатар, Еңбекмині мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда.
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова депутаттарға жұмыспен қамту, халыққа атаулы әлеуметтік көмекті күшейту және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы баяндады.